Атыраудағы NIS-те дәстүрлі «Самғау» түлектер форумы өтті. Бұл жолғы тақырып – «EdGiving Alumni NIS: Artificial Intelligence in Education».
Бүгінде еліміздің және шет мемлекеттердің түрлі жоғары оқу орындарында білім алып, түрлі қызметте адал еңбек етіп жүрген 40-қа жуық түлек форумға арнайы ат басын бұрды. Алдымен түлектер ішінен сөз алған Назарбаев Университетінің студенті Диана Умбетқалиева жиылған көрермендерді NIS Alumni қызметімен, жобаларымен таныстырды. Ең бастысы, форумда түлек-спикерлер тарапынан университетке қалай түсуге болатыны, халықаралық емтихандарға (SAT, IELTS) қалай дайындалу және тапсыру керектігі, университеттерде нақты қандай гранттар мен стипендиялар бар екендігі, мотивациялық және ұсыныс хаттарды қалай жазу керек екендігі жіті талқыланып, мектеп оқушылары үшін құнды мағлұматтар берілді. Калифорниядағы Berkeley university студенті Асқар Альмухаметов, Венгриядагы Debrecen университеті студенті Аида Калиаскарова, Назарбаев Университетінің студенттері Данияр Бимурза, Дамир Алтайұлы, Найла Нұрымғали, booking компаниясының қызметкері Айнұр Адайбаевалар салмақты пікір, орамды ойларымен белсенділік танытып, NIS оқушылары көкейіндегі көп сұраққа жауап берді. Шара барысында көрермендермен түрлі викториналық сұрақтар, ойындар арқылы байланыс орнатылды. Бастысы, бұл дәстүрлі форум да көңілден шығып, межелі миссиясына жетті. Яғни, ұрпақтар сабақтастығы, түрлі буын толқындарының жіті байланысы бұл жолы да әдемі жалғасын тапты.