Сайлауға дайындық пысықталды

(0 Votes)

21 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Отырысқа саяси партиялардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, БКБ режимінде облыстардың, Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырыста «Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы», «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы», «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспарын бекіту туралы», «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі Сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» мәселелер қаралып, олар бойынша Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасап, мүшелері Ерлан Дауылбаев, Серік Сыдықов сөз сөйледі.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Берік Имашев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес бүгінгі күннен бастап Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқаны басталғандығы туралы айтты. 2016 жылғы 20 наурызда сайланған Мәжіліс депутаттарының конституциялық өкілеттік мерзімі 2021 жылғы наурызда аяқталатынын атап көрсетті. Сайлау заңнамасына сәйкес Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын Президент кемінде бес ай бұрын тағайындайды және ол Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 2 ай бұрын өткізіледі. Осылайша, Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау науқаны көрсетілген конституциялық мерзімдерге сәйкес қатаң түрде тағайындалды және кезекті болып табылады.Сонымен қатар ол жоғары өкілді органды сайлау – елдегі ең маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі екенін атап өтті.

Баяндамашылар мен сөз сөйлеушілердің мәлімдеуінше Парламент Мәжілісінің депутаттығына оның аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан, 25 жасқа толған және бәсең сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады. Үміткерлікке түспейтіндер заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін мойындаған адамдар. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Саяси партия партиялық тізімдерді бекіту кезінде оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызы мөлшерінде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарды қамтиды.

Бекітілген жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну кезеңі дауыс беру күнінен екі ай бұрын басталады және дауыс беру күнінен қырық күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Яғни, ағымдағы жылғы 10 қарашадан бастап 30 қараша күнгі сағат 18-00-ге дейін. Партиялық тізімдерді тіркеу сайлаудан екі ай бұрын басталады және сайлауға бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады, яғни 2020 жылғы 10 қарашадан 10 желтоқсан күнгі 18-00 сағатқа дейін өтеді. Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталған кезден басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Осылайша, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауының жалпы ұзақтығы тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 82 күнді құрайды.

Сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады. Яғни 27 желтоқсанда сағат 18.00-де басталып және сайлау болатын күннің алдында, 2021 жылғы 10 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Отырыстың үшінші мәселесіне көшу кезінде Ортсайлауком төрағасы Б.Имашев «ҚР сайлау туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес мәслихаттар депутаттары алғаш рет партиялық тізімдер бойынша сайланатынын атап өтті.

Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы бір мезгілде өткізіледі және мерзімі жағынан Президентті, Парламент Сенаты депутаттарын сайлаумен тұспа-тұс келмеуі тиіс. Осыған байланысты мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындау ұсынылды. Алдағы науқанда 216 мәслихаттың 3276 депутаты сайлануға тиіс. Олар облыстардың, Нұрсұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының 589 депутаты, облыстық маңызы бар қалалардың 36 мәслихатындағы 596 депутат, аудандардың 163 мәслихатындағы 2091 депутат.

Баяндамаға сәйкес мәслихаттар депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспары қабылданды. Соның негізінде әрбір аумақтық комиссия екі күн мерзімде Күнтізбелік жоспарлар қабылдайтын болады. Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну кезеңі 2020 жылғы 10 қарашадан бастап 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18-ге дейін жалғасады. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18-де тәмамдалады. Сайлау алдындағы үгіт 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-ден кейін басталады және 2021 жылғы 9 қаңтарда жергілікті уақытпен нөл сағатта бітеді. Бірқатар нысандар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңындағы өзгерістерді ескере отырып, алғаш рет белгіленеді.

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521