ҚР Премьер-Министрі Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды

(0 Votes)

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру мәселесі қаралды.

Отырыс барысында пандемияға және сыртқы саяси жағдайлардың әсеріне қарамастан, ҚР аумағы арқылы транзитті қоса алғанда, тасымалдау көлемі өсіп келе жатқаны атап өтілді. Атап айтқанда, 2022 жылғы қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанда темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 10%-ға артып, 70,8 млн тоннаны құрады. Транзиттік жүктерді тасымалдау көлемі 20%-ға өсіп, 4 млн тоннаға жетті.

Контейнерлермен транзиттік тасымалдау көлемі 174,7 мың ЖФЭ көрсеткішімен 12%-ға өсті. Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік транзит көлемі жыл сайын оң динамика көрсетуде және 2021 жылы 732 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайды. Жалпы, өткен жылы Қазақстан арқылы 1 млн-нан астам контейнер немесе 23,8 млн тонна транзиттік жүк жөнелтілді. Геосаяси және экономикалық жағдай ушығып тұрған қазіргі кезеңде Еуропаға бағытталған транзит көлемі мен жүк тасымалын азайтып алмау үшін тез арада балама маршруттар ашу ісі қолға алынды. Қазіргі кезде жүктерді Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағыты мен ТРАСЕКА арқылы жіберу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 

Бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл отандық жүк тасымалдаушылар үшін бірыңғай тарифтерді белгілеуге мүмкіндік береді.  Сонымен қатар қазақстандық инфрақұрылымдағы кейбір шешілмеген мәселелер жаңғырту және құрылыс жұмыстары есебінен реттелуі мүмкін. Жылжымалы жүк вагондарының паркі жылдан жылға тозып келеді. Ал толыққанды теңіз сауда флотының болмауынан, теңіз логистикалық инфрақұрылымын толық қуатында пайдалана алмай отырмыз. 

Транзиттік-көлік тасымалы әлеуетін арттыру үшін шекарадан өту кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайтып, көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру қажет. Жоғарыда айтылғандардың негізінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағытының тұрақты жұмысын және қазақстандық бизнес-қауымдастық үшін бәсекеге қабілетті, бірыңғай тарифтің қабылдануын қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ Индустрия министрлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде жүктерді контейнерлермен тасымалдауға көшу мәселесін пысықтауы қажет.

Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп, жылжымалы темір жол құрамдары мен теңіз паромдарын сатып алу және жаңарту үшін қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды. Қаржы министрлігі Ұлттық экономика, Индустрия министрліктерімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, тиісті жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтауы қажет. Бірінші кезекте, бұл – Достық-Мойынты және Алматы айналма станциясына қатысты.

Бұған қоса, Премьер-Министр Индустрия министрлігіне «Қазавтожол» компаниясымен бірге биылғы құрылыс маусымын барынша тиімді пайдаланып, жоспарланған 8 учаскенің барлығын іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол салынып, жөнделеді.

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

logotype

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

“Серпер” ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi Ақпарат
комитетінде 2018 жылы 16 мамырда тiркелiп, № 17103-Г куәлiгi берiлген.
Мекенжайымыз: Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы,
С.Көшекбаев көшесі, 25 үй.
Индекс 060400.
Байланыс телефоны: +77123321570, +77123321478.


Яндекс.Метрика