ӘР АДАМ – ӨЗ УАҚЫТЫНЫҢ АЙНАСЫ

сурет ғаламтордан
(0 Votes)

ЖАСТАР – ҚАШАНДА АСҚАҚ АРМАН МЕН ҮКІЛІ ҮМІТТІҢ, БИІК АР МЕН ӨР НАМЫСТЫҢ СИМВОЛЫ. ҚАЙ ЕЛДІҢ БОЛМАСЫН БАСТЫ КАПИТАЛЫ ХАЛҚЫ ДЕСЕК, ОНЫҢ БЕЛСЕНДІ ӨКІЛІ ЖАСТАР ҚОҒАМЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ КҮШІ РЕТІНДЕ ДАМУДЫҢ АВАНГАРДЫНДА ТҰРАТЫН БІРДЕН-БІР КҮШ БОЛЫП ҚАЛА БЕРМЕК. МЕМЛЕКЕТТІҢ ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАҒДЫРЫ, ДАМУЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІ, ЖАЛПЫ БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ ДЕ ЖАСТАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ. ОЛАР ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ, ҚАЙ ҚОҒАМДА ДА ӨЗ БЕЛСЕНДІЛІГІН КӨРСЕТІП ОТЫРАДЫ. ЖАЛЫНДАҒАН ЖАС БУЫН ӨКІЛДЕРІ ЕЛІМІЗДІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ. СЕБЕБІ ЖАСТАРЫМЫЗДЫҢ БИІК БЕЛЕСТЕРГЕ, ТЫҢ БАСТАМАЛАРҒА ДЕГЕН ҰМТЫЛЫСТАРЫ ЖАҢА ИДЕЯЛАРДЫҢ ТУЫНДАУЫНА СЕБЕПШІ БОЛАДЫ.

Халқымыз ел келешегінің кемел, болашағының жарқын болуын үнемі жастармен байланыстырады. Сонау өткен ғасырдың басында «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» деп жырлаған қазақтың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев елдің болашағының айбаты мен қайратына осылай баға берген еді. Міне, осыдан қанша жыл бұрын айтылған сөз бүгінде әрбір жастың жүрегіне нұр сеуіп, кеудесіне үміт сәулесін ұялатады. Кез келген елдің ертеңі, болашағы – жастар. Әрине, бұрынғы ата-бабаларымыз өз замандарында азаттық үшін арпалысты, кешегі желтоқсанда жастарымыз теңдік талап етіп алаңға шықты. Сан ғасырларға жалғасқан күрестің арқасында тәуелсіздікке қол жеткізілді. Қазіргі жастар бабалар аңсаған азаттықты баянды ету, тәуелсіздікті нығайту жолында еңбектеніп келеді. Бүгінгі жасалып жатқан дүниелерді ары қарай дамытудың, өз құндылықтарымызды жоғалтпай, келешекке жеткізудің де бәрі-бәрі, жастардың қолында!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастардың ел дамуының жаңа кезеңіндегі орнын айқындап берді. «Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек. Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы – ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып алмайды, оған алаңдауға еш негіз жоқ. Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады. Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін. Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қараймыз. Ал, келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады» деп қазір әлемде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге жастар тез бейімделетінін, олардың жасанды интеллектінің жаңа дәуіріндегі орны ерекше екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, білім – жасанды интеллект дәуіріндегі басты капитал. Қазіргі әлемде білім беру тек мектеп немесе университет қабырғасымен шектелмейді. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы мамандарға деген талапты түбегейлі өзгертті. Қазақстандағы білім беру жүйесі әлемдік үрдістерден қалыс қалмауы тиіс. «Біз болашаққа дайындалуымыз керек. Балаларымызды заманауи технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті маман ретінде тәрбиелеу – стратегиялық міндет» деді. Елімізде бұл мақсатта мектептен бастап ІТ және инновациялық пәндерге басымдық берілетін болады. Бағдарламалау, жасанды интеллект негіздері, робототехника сияқты бағыттар бастауыш сыныптан бастап енгізілмек. Жолдауда ерекше аталған бастамалардың бірі – «Al-Sana» бағдарламасы. Бұл жоба жасөспірімдер мен жастарды ІТ саласына баулып, жаңа технологиялар бойынша мамандар даярлап, жас ғалымдар мен инженерлерге қолдау көрсетуге бағытталады. Аталған бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде арнайы технопарктер мен оқыту орталықтары ашылады. Бұл тек кадр даярлау ғана емес, жастардың өз идеяларын іске асыруына жол ашатын алаң болмақ. Білім саласындағы реформа тек оқушылар мен студенттерге ғана емес, мұғалімдерге де жаңа міндет жүктейді. Президент педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесін ерекше атап өтті. Енді әрбір мұғалімнің цифрлық сауаттылығы жоғары болуы шарт. Арнайы курстар мен тренингтер арқылы мұғалімдер жаңа технологияларды сабақта тиімді қолдануды үйренеді. Қазақстандағы білім беру саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – ауыл мектептерінің артта қалуы. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін интернет желісінің сапасын арттыру және барлық ауыл мектебіне цифрлық білім беру құралдарын енгізу қажеттігін айтты. Ауылдағы балалардың да қалалық оқушылармен тең деңгейде білім алуы – басты мақсат. Жасанды интеллект дәуірінде байлықтың ең үлкені – білімді ұрпақ.

Білім саласына басымдық беру – елдің болашағына салынған инвестиция. Бұл бастамалар жүзеге асса, Қазақстан алдағы он жылда ІТ және ғылым саласында өз мамандарын дайындайтын мемлекетке айнала алады. Биылғы Жолдаудағы білім беру саласына қатысты бастамалар – еліміздің дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Алдағы уақытта мектептерде инновациялық пәндер күшейтіліп, мұғалімдер жаңа әдістермен оқытылып, ауыл мен қала арасындағы білім сапасының теңдігі қамтамасыз етілсе, Қазақстан әлемдік бәсекеге қабілетті елдер қатарынан орын алады. Жасанды интеллект дәуірінде табысқа жетудің кілті де білім мен ғылымда. Ал бұл жолда мемлекет пен қоғам бірлесіп жұмыс істеуі қажет.

Әр дәуірдің жастары – өз уақытының айнасы. ХХ ғасырдың жастары үшін басты құндылық – елге қызмет ету, отбасын құру, еңбекпен жетістікке жету болса, ХХІ ғасыр жастары үшін еркіндік, қаржылық дербестік, өзін-өзі дамыту алға шықты. Ата-бабаларымыз үшін құндылық ат жалында жүріп, ақ найза ұшымен туған жерін қорғап, ұрпақ өрбіту болды, кеңестік кезеңде ол ер еңбектен көрінді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағида сол уақыттың ұраны еді. Ал бүгінгі жастардың басым бөлігі үшін құндылық картасы мүлде өзгеше. «Қалай көп табыс табамын?», «Қайда білімімді жетілдіремін?», «Өмірімді өз еркімше қалай құрамын?» деген сауалдар олардың басты бағдаршамына айналған. Күнделікті тірліктің сұранысы жастарды жеке өмір салтына бейімдеді, «өзін-өзі жеткілікті ету» құндылығы отбасылықтан да маңызды болып барады. Бүгінгі жас буын үшін қаржылық тұрақтылық, сапалы білім және өзін-өзі дамыту басты мұратқа айналғандай. Бұл ретте отбасы мен дәстүрлі құндылықтар тізімде кейінгі орынға сырғып кетті. Ажырасу статистикасы өсуде, некеге тұру жасы ұзаруда, ал кейбір жастар мүлде отбасын құруды жоспарламайды. Бұл үрдіс жаһандық ағынның біздің қоғамға да жеткенін көрсетеді.

Әлеуметтік сауалнама нәтижесінде жастардың 65 пайызы «өз кәсібін ашуды» өмірлік басты мақсат деп білсе, 20 пайызы «жоғары лауазым» алуды көздейді. Ал небәрі 15 пайызы ғана «ауылға оралып, қоғамға қызмет етемін» деп жауап береді екен. Бұл – құндылықтар векторының айтарлықтай өзгергенінің айғағы. Бұған жастарды кінәлау да қисынға келіңкіремейді. Өйткені әр буынның құндылығы – өз дәуірінің жемісі. Бүгінгі жастар цифрлық ғасырда өмір сүреді, олар үшін әлемнің шекарасы жоқ. Кез келген курсты онлайн оқиды, кез келген елмен байланыса алады. Сол себепті олардың «құндылық жүйесі» де өзгеше. Бірақ бір нәрсе өзгермеуі тиіс. Ол – ұлттық болмысқа деген адалдық. Мансап пен қаржылық еркіндіктің көлеңкесінде отбасы, дәстүр, рухани тұғыр қалып қоймауы керек. Жастардың жүрегіндегі құндылық өзгергендей көрінгенімен, түпкі арман – бақытты болу, өз орнын табу, жақсы өмір сүру – сол күйі қалды. Тек жолы басқа, түсінігі бөлек, түйсігі өзгеше. Қоғам үшін ең маңыздысы – сол жаңа ізденістерді ұлттық болмыспен, ата-бабаның аманатымен үйлестіре білу. Құндылық деген – уақытпен бірге құбылатын ұғым. Алайда оның адамгершілік, отбасы, елге қызмет ету сияқты өзегін ешбір заман өзгерте алмасы анық.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT