Прокуратураның Жеңіске қосқан үлесі

(0 Votes)
фото: tengrinews.kz

Ел басына күн туған Отан соғысы жылдарында облыс прокуратурасының қызметкерлері соғыс жағдайына сәйкес тылдағы елде заңдылықтың қатты сақталуын қадағалады.

Бұл Жеңісті жақындатуға қосылған үлес болатын. Бірқатар заң сақшылары қан майданға аттанды. Гурьев облысы майданға жақын болғандықтан соғыс жағдайына тән шаралар алынды. Дұшпанның ықтимал шабуылынан қорғану үшін алдамшы бүркеніштер дайындалды.

«Қалалық прокуратура қызметкерлері 1942 жылы осы жөнінде қалалық гарнизон бойынша берілген бұйрықтың облыс орталығындағы төрт кәсіпорында орындалуын тексерді» деп жазады бұл жөнінде өлке тарихын зерттеуші Аманғали Әміржанұлы. Олардың ішінде нан комбинатының жұмысына жақсы баға беріледі. Аталмыш комбинатта бес звенодан тұратын екі қорғаныс тобы болған. Оларда 34 адам жұмыс жасаған. Ұжымның кәсіпорынды алдамшы бүркеніштермен, сыртқа жарықтың шықпауын қамтамасыз ететін құралдармен тиімді жасандырғаны себепті онда түнгі уақытта да толық негізде жұмыс жасауға мүмкіндік болды.

Сол кезде Гурьев облысының прокуратура органдарында жұмыс істеп жүрген Муса Баймұқанов, Сатан Шөреев, Сүндет Дәулетияров, әйгілі заңгер, ғұлама ғалым Салық Зиманов және басқалары қолдарына қару алып, майданға аттанды. Соғыста ғаламат ерліктің үлгісін көрсетті.

Заң сақшыларының осы бір қиын-қыстау кезеңде ерекше көңіл бөлген мәселелерінің бірі – майданда соғысушы азаматтардың отбасыларына қамқорлық жасауды қадағалау еді. Тарихшы Аманғали Әміржанұлының айтуынша, облыс прокуратура органдарының қызметкерлері партия және кеңес органдарының тікелей араласуымен мезгіл-мезгіл аталмыш мәселені зерттеп отырды. Солардың бірінің қорытындыларына көз жіберу көңіл қуантады. 1943 жылдың желтоқсанының 1-і мен 1944 жылдың қаңтарының 15-і аралығында әскери қызметшілердің 22532 отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайы зерттелді. Оның қорытындылары бойынша жағдайы төмен 9395 отбасына материалдық көмек көрсетілді. 1171602 ақша қаражаты жиналды, 3206 пұт азық-түлікпен қамтамасыз етілді, 7880 жұп киім, 2148 жұп аяқ киім берілді. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің туысқандарының 2885-і жұмысқа орналастырылды, ал 413 адам көп қолданылатын мамандықтарға баулитын әртүрлі курстарда оқуға қосылды. 2335 отбасының пәтерлері жөнделді немесе жаңасына көшірілді.

Ел басына күн туған қиын шақта облыс прокуратура органдарының қызметкерлері Б.Тапалов (облыс прокуроры), қала прокуроры Малюков (Гурьев қаласы), аудан прокурорлары Қ.Төралиев (Бақсай ауданы), Мәмбетов (Жылыой ауданы), Мұқтанов (Мақат ауданы), Нұрғуатов (Новобогат ауданы) секілді азаматтар үлкен жұмыстар атқарды.

Сөйтіп, Атырау облысы прокуратурасының қызметкерлері де сонау Отан соғысы жылдарында абыройлы еңбек етіп, заңдылықтың қырағы сақшылары болды. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін мақтануға тұрарлық жайт. Жеңіс тойы құтты болсын! Ардагерлеріміз жасай берсін!

А. Нұрғазыұлы,

Батыс аймағы әскери прокуратурасының аға прокуроры әділет майоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521