Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке және киіктерге байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгінде бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр – Алматы және Жамбыл облыстарында. Олардың өзі тек үштен бір қуатымен ғана жұмыс істейді. Жүктелімі – 31% ғана. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есе 7%-дан 43%-ға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Алайда, кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқабы үштен бірге қысқарып кеткен», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол Қазақстанның сырттан келетін қантқа 90% тәуелді екенін айтты. «Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы шешімдерге сілтеуге болады. Бірақ, бұл – бәрібір Үкіметтің зор кемшілігі, яғни мемлекеттің ұстанымын қорғай алмады.
Сондықтан, мен министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын. Үкіметке шұғыл тәртіпте қант саласын дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеу керек», деді Қ. Тоқаев. Сонымен қатар Президент киіктерге байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады.
«Салалық министрлікке қатысты айтсақ, министрге сөгіс жариялаймын. Киіктердің келешек тағдыры туралы түсініксіз әуре-сарсаң мен пікірталас қалыптастырғаны үшін сөгіс жарияланады. Мұның бәрін қоғамдық талқылаудың осыншалық деңгейіне шығарудың қажеті не? Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда келу керек. Шынымен де, киік – қазақ халқы үшін киелі жануар болып есептеледі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы 80 мың киікті ату мәселесіне қатысты пікір білдірді. «Табиғи ландшафтан 80 мың бас киікті алып қою, яғни өлтіру туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Бірақ, басқа да тәсілдері бар шығар. Мамандармен ақылдасыңыздар. Ал бұл – ең шетін шара ғой. Мен бұл шараға да жүгінуіміз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Бірақ, бұл – шетін шара, қайталап айтамын. Бұл мәселеге кәсіби тұрғыда келу керек», деді Мемлекет басшысы.