Президент Республика күні қарсаңында мемлекеттік наградалар туралы Жарлыққа қол қойды

(0 Votes)

Республика күні ұлттық мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

Қазақстан Республикасына сіңірген зор еңбегі үшін «Халық қаһарманы» атағы мемлекет және қоғам қайраткері Қайырбек Сүлейменовке, әлеуметтік-гуманитарлық дамудағы және өндірістік қызметтегі аса үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы көрнекті жазушы Дулат Исабековке және «АтырауАгроӨнімдері» ЖШС директоры Владимир Розметовке берілді.

«Отан» орденімен «Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры» РМҚК артисі К.Әспетова және «Алтын–Әсел» ЖШС директоры Х.Өтеуұлы, І дәрежелі «Барыс» орденімен – қоғам қайраткері М.Әуезов, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы М.Құлкенов, «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС директоры М.Үдербаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – ақын Ө.Оралбаев, «М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж» КМҚК директоры Ш.Жанаева, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – «Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы С.Ақылбай, «Ұлттық өнер» ЖШС директоры Т.Бурмистрова, белгілі қоғам қайраткері Ж. Құлекеев, «Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры» МКҚК артисі С. Өтемісұлы, «Экономика институты» РМК бас директоры Ә.Сатыбалдин және басқалар марапатталды.

Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлерінің, өндіріс саласы өкілдерінің еңбегі «Парасат» орденімен атап өтілді, олардың арасында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ бас директоры С.Әдекенов, «Шымкентмай» АҚ президенті Д.Адырбеков, еңбек ардагері Ж.Аманбаев, Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының директоры С.Ахметов, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Р.Баталов, «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректоры Ғ.Байтоқ, «А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты» РМҚК бас ғылыми қызметкері Т.Жанұзақов, ақын Р.Бүркітбаева, «Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы» мекемесінің ректоры Ө.Жалаири, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті» КеАҚ профессоры Б.Кәрібозұлы, «Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры» РМҚК жетекші актрисасы В.Крымская, «Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты» РМК бас директоры Д.Мәсімханұлы, саясаттанушы Б.Нұрмұхамедов, «Астана медицина университеті» КеАҚ кафедра меңгерушісі Р.Рақымжанова, М. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалының директоры А.Сидорович, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Н.Өтпенов бар.

ІІ дәрежелі «Достық» орденіне «Татнефть» ААҚ бас директоры Наиль Маганов, «Астана» халықаралық қаржы орталығы» АҚ халықаралық төрелік орталығының төрағасы Барбара Доманн, Моңғол ғылым академиясы Археология институтының бөлім меңгерушісі Алтангэрэлийн Энхтор және басқалар ие болды.

«Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архиві» РММ бас сарапшысы Л.Ақтаева, «Республикалық қан орталығы» РМК директоры Д.Бекиров, «Казахстанская правда» газетінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі Л.Доброта, «Павлодар қаласының № 16 мектеп-лицейі» КММ мұғалімі Ж.Жақсылықова, «Үржар ауданының № 2 аудандық ауруханасы» КМК бас дәрігері Н.Жақиянова, «Алатау» театрының директоры Р.Заитов, «Мирас» ШҚ басшысы Б.Қарабаев, Жетісу облысының олимпиадалық резерв дайындау орталығының директоры М.Мамыров, «Ядролық физика институты» РМК бас инженері А.Мартюшов, еңбек ардагері М.Сүлейменов бар.

Өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 76 жұмысшысы мен еңбеккері, соның ішінде 2 еңбек династиясының өкілдері «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің 28 көрнекті өкіліне берілді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 260 адам наградталды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ер­лігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Наградталғандардың тізімі жергілікті баспасөзде жарияланады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521