Аудан көлемінде үстіміздегі жылдың желтоқсан айының 5-і мен келер 2025 жылдың 3- қаңтары аралығында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Шараның басты мақсаты - аудан көлемінде азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сатып алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, әкелу, оны әкету қағидаларын түсіндіру, оны кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу мақсатында нақты жұмыстар жүргізу. Мектептерде және басқа да білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандардың пиротехникалық бұйымдарды қолдануын болдырмау, ересектер мен балалар арасында жарақаттанудың алдын алу. Осы мақсатта қоғамдық тәртіпті сақтау, өртке қарсы және жеке қауіпсіздік шаралары туралы заңсыз құқық бұзушылықтарды анықтау болып табылады.
Құлсары қаласында және ауылдық округтерде орналасқан сауда-саттық орталықтарында, дүкендерде пиротехникалық бұйымдарды сату ережесі және оларды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, әкелу тәртібін бұзу деректерін анықтау үшін аудандық полиция бөлімі және Төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызметінің қызметкерлерімен бірлескен жұмыс тобы құрылып, объектілерді тексеру жұмыстары жалғасуда. Сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың бейберекет саудасы, сондай-ақ рұқсат құжатсыз сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бұл ретте адамдар жаппай жиналатын орындарды (сауда ойын-сауық мекемелері, сауда және спорт объектілері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдары, қонақ үйлер, қоғамдық тамақтану объектілері, вокзалдар, станциялар және т.б.) тексеруге ерекше назар аударылады. Жоғарыдағылар негізінде, пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету тәртібін бұзған заңды және жеке тұлғалар жауапқа тартылады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабының 2,3-бөлігі, 483-бабының 1,2-бөлігі, 196-бабымен және 415-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгені ескертіледі.
Ш.Бағытов,
Жылыой аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің
азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы,
полиция аға лейтенанты