2023 жылдың 5 қарашасында республикамызда аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтетіні белгілі. Пилоттық жоба ретінде өткелі отырған үлкен саяси науқан еліміздің 3 қаласында, мен 42 ауданында ұйымдастырылады.
Бұл туралы Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясының ашылуында айтқан болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ, өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс. Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ, мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын. Алған бетімізден қайтуға болмайды. Керісінше, заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді іргелі құндылықтарға баса мән бере отырып, реформалар жолымен алға қарай нық қадам басуымыз керек» деп қанатқақты режимде өтетін саяси доданың мән-маңызын айқындап берген еді.
Бұл кезекте біздің облысымыздан Исатай және Қызылқоға аудандарының сайлаушылары өз әкімдерін сайлайтын болады. Қалған аудандарда алдағы 2024 жылы өтетін болады. Осыған орай облысымызға арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Әбдіров Нұрлан Мәжитұлы Құрманғазы ауданында да болды.
Іс-сапар барысында Нұржан Әбдірұлы сайлаушылардың бір тобымен кездесіп, жиналғандарға ауыл әкімдерін сайлағандағыдай аудан басшысын да өз араларынан ұсынып, лайықтысын сайлап алуға мүмкіндік болатынын жеткізді. Өйткені, сайланған әкім мен тағайындалған әкімнің арасы жер мен көктей болатынын уақыттың өзі көрсеткенін, сайланған әкім алдымен сайлаушылардың алдында жауап беретінін қаперге берді. Сондықтан бұл саяси науқанға жете маңыз беріп, әркім әр жаққа тартпай араларынан басшы болуға лайықтыны жаңылмай таңдауды еске салды. Ол үшін елдік істен шет қалмай сайлауға қатыс көрсеткішін арттыру көп нәрседе шешуші роль атқаратынына тоқталды.
Өзара пікірлесу жағдайында өткен басқосуда тұрғындар сайлауға қатысты сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Сонымен бірге, еліміздегі сайлау жүйесі мен сайлау заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын айтты.