Жуырда Атыраудағы NIS ұстазы Сара Шидалина Астана қаласында өткен «Жаңа Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырған шараға арнайы қатысып келді.
Бұған дейін де ұстаздық жолында түрлі бастамаларымен, ерекше қарым-қабілетімен, авторлық жұмыстарымен, талантты шәкірттерімен түрлі белесті бағындырып, жетістікке жетіп жүрген ұлағатты ұстаздың бұл жолы да қанжығасы майланып, олжалы болып қайтты. Анығында, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтаст ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Жаңа Қазақстанның жыл адамы» атты республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. – Ұсынылған жұмыстарым мен мақалам конференциялық бөлімде жақсы бағаланса керек, осындай жетістікке жеткенімді естіген сәтте, әрине, қуанышты сезімде болдым. Өйткені, еңбектің бағалануы адамға қанат, күш бітіреді. Бұл әрі қарай да ардақты шәкірттеріммен бір толқында жемісті қызмет етуге үлкен күш-жігер сыйлаған марапат болды, – дейді ол. Байқау қорытындысына сай Сара ұстаз қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Жыл адамы» сертификатталған орденімен, арнайы 1-дәрежелі дипломмен марапатталды. Әріптесімізді кезекті жеңісімен ұжым атынан құттықтаймыз!