Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындарға қайтарымсыз грант негізіндегі қаржылар, жеңілдетілген несиелер, гранттар бөлу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп отыр. Соның бірі – Өрлік ауылының тұрғыны, «BekSal» жеке кәсіпкерлігінің директоры Бибігүл Шахманова.
Ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 пайыздық несие алып, өз қаражатын қоса отырып, 2021 жылы қараша айында ауылға пайда тигізетін шағын наубайхананы іске қосады. Содан бері шағын кәсібін дөңгелентіп, ауыл тұрғындарын тәтті нанмен қамтамасыз етіп отыр.

200 шаршы метрді құрайтын «Өрлік» наубайханасы жаңа үлгідегі нан пісіруге арналған заманауи технологиялармен жабдықталған. Атап айтсақ, қамыр илейтін құралдар, нан пісіретін пеш, бу пештері және газ құралдары бар.
Қазақта «Ас атасы – нан» деген даналық бар. Күнделікті тұтынатын тамақтардың қатарында нанның рөлі жоғары. Оны кәсіп ретінде пайдаланған кез келген адамның өндірісінің ілгерілемеуі мүмкін емес.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары – түгелдей дерлік осы наубайхананың тұрақты тұтынушысы. Бұл ретте өрліктік кәсіпкердің қарекетіне көңіл сүйсінеді. Сонымен қатар сұраныстың көбеюіне байланысты өз өнімдерін күн сайын Индербор кенті, Елтай, Есбол, Ынтымақ және Көктоғай ауылдарына тасымалдайды.
Наубайханада тек нан ғана емес, тәтті торттар, самса мен түрлі бәліштер, кондитерлік өнімнің түр-түрі әзірленеді.
Берекелі іспен несібесін тауып отырған Бибігүл Шахманованың айтуынша, наубайханада тәулігіне 900-1000 дана нан мен түрлі өнімдер дайындалады. Ол бүгінде өз тұтынушыларын таба білген білікті кәсіпкерлердің қатарында.
– Алғаш наубайханамызды іске қосқанда 5 адаммен жұмысты бастап, күніне 100 дана нан пісіретінбіз. Қазір сұраныс көлемі де ұлғайды. Соған сәйкес тек нан ғана емес, мерекелік, күнделікті торттарды, кондитерлік өнімдерді, тәтті бәліштерді де дайындаймыз.
Өнім сапасы ұнға байланысты. Сол себепті жоғары сортты ұнды алдырамыз. Тұтынушылардың талғамынан шығу мақсатында өнімнің санына емес, сапасына баса мән беріледі.
Наубайхана жұмысшылары екі ауысыммен күн-түн демей еңбек етіп, тұтынушыға әр таңда пештен жаңа шыққан нан өнімдерін ұсынып келеді. Жұмыс барысында мамандарымыз барлық технологиялық талапты сақтай отырып, өнім сапасын түсіретін, тұтынушы талаптарына қайшы іс-әрекеттерге жол бермейді. Кәсіпорын іске кіріскен алғашқы күннен бері бізбен бірге жұмыс істеп жүрген мамандарымыздың біліктілігі өнімге деген сұраныстың артуына көп ықпал етуде. Өз ісін жетік меңгерген мамандардың жауапкершілігі мен шеберліктерінде мін жоқ. Олардың арасында кәсіпорында ұзақ жыл еңбек еткен білікті мамандар Тыныштық Бергенова, Ұлболсын Сатышова, Мейрамгүл Ғайсина, Айзада Қадырова және мүмкіндігі шектеулі Зүлфия Ахметова, дайын нанды сауда орындарына тарататын жүргізушілер Қуандық Әбіғалиева, Сырым Абдолов сынды еңбеккерлердің есімін құрметпен атағым келеді.
Пештен пісіп шыққан нанды арнайы орында суытып, кейін автокөліктерге тиеп, дүкен сөрелеріне жөнелтеміз. Біздің мақсат – халыққа сапалы ұн өнімдерін ұсынып, ел алғысын арқалау.
Жұмысшыларымыз күніне 7 сағаттық жұмыс жасап, айына 190 мың теңге жалақы алады. Сонымен қатар Мансап орталығы арқылы «Күміс жас» жобасымен 1 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Цехта барлығы 16 адам жұмыс жасайды, оның екеуі – көлік жүргізуші. Наубайхананың жұмысы таңғы 03.00-де басталып, түнгі 00.00-ге дейін жалғасады екен.

Мемлекет басшысы әрдайым өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп отыр. Сол себепті түрлі бағдарлама қолға алынып, ауылдағы қарапайым адамның кәсіп ашып, кәсіпкер атануына, оның өз ісін одан әрі дамытуына жағдай жасалуда. Кейіпкеріміз де сол қолдауды көріп, мүмкіндікті пайдаланып отырған кәсіп иесі.
Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – шаштараз. 2000 жылдары осы шаштараз ісімен кәсіп ашқан. Кейіннен халықтың сұранысы мен қажеттілікке байланысты ауылдан нан пісіру жұмысын қолға алуды ойлап, іске асырады.
Жолдасы Амантай Батырғалиев – «Балауса» атты дүкеннің жұмысын дөңгелентіп отырған жеке кәсіпкер. Отбасында төрт баланы тәрбиелеп, бүгінде ұлдары Саламат АМӨЗ-де, Бексұлтан мен қызы Сәуле – кәсіпкерлік бағытта, ал кенже қызы Балауса «Еуразия» арнасында тележүргізуші болып еңбек етіп жүр.
– Еңбек етуге талпынған адамға мүмкіндік те болары анық. Еңбек адам баласын тәрбиелейді. Нан пісіру ісі де жаңашылдықты ұнатады. Әркез көштен қалмай жаңа дүниені үйреніп, тұтынушыларымызға ұсынып отырамыз, - дейді Бибігүл Шахманова.
Мемлекет тарапынан халықтың қолын аузына жеткізуді мақсат еткен бағдарламаның нәтижесі бар. Күн-түн демей тірлігі қызып жатқан ауылдағы наубайхананың өнімдері тұтынушы тарапынан жоғары бағалануда. Бастысы, дайын өнім сөреде ұзақ тұрып қалмайды. «Еңбек бәрін жеңбек» демекші, кәсіп қылған адам әрдайым мақсатына жетеді.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ.

