Міндет те, меже де ауқымды

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов өткізген кеңесте белгілі болды.

Үкімет басшысының айтуынша Президентіміз ТКШ инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту мәселесі бойынша қолданыстағы 55 жылу көзін жөндеуді және кемінде 6,5 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуды тапсырды. Бұл мақсаттарға 650 млрд. теңге инвестиция тартылады. Азаматтардың баспаналы болуын қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттарына сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін қосымша 272 млрд. теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Отбасы банк» 300 млрд. теңге сомасына ипотекалық қарыздар беретін жаңа бағдарламаны іске қосады. Жаңа бағдарламаға жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде ақша жинау бойынша міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде тұрғандар қатыса алады. Бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен қосымша 12 мың баспанаға мұқтаж отбасын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Биыл бұрын болмаған рекордтық 18 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл бұрынғы жоспарланған жылдық көрсеткіштен 2,5 млн. шаршы метрге артық.

Еліміздің жол желісін дамыту бойынша Президент айтқан 12 мың шақырым автомобиль жолдарын реттеу үшін Үкімет ағымдағы жұмыстардан бөлек, қосымша 2,5 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Мұны іске асыру үшін шамамен 1 трлн. теңге инвестиция бағытталады. Оның нәтижесінде  жай-күйі жақсы және қанағаттанарлық республикалық жолдардың үлесін 93%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ қосымша 24 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады. Мемлекет басшысы елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру мақсатында кемінде 1,7 мың шақырым желіні жаңғырту міндетін қойды. Бұл 300 мыңнан астам азаматқа көгілдір отынды қолжетімді етеді. Осыған байланысты Үкімет биыл жоспарланған 46 елді мекеннің орнына 87 елді мекенді газдандырмақ. Нәтижесінде, 63 мыңнан астам адам жеделдетілген шаралармен газбен қамтамасыз етіледі, яғни қамту іс жүзінде 2 есеге ұлғайтылды. Бұл мақсаттарға 195 млрд. теңге бөлінетін болады.

Сонымен қатар, кеңесте өңдеу өнеркәсібін, транзиттік дәліздерді, кәсіпкерлікті және IT-технологияларды одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Биыл жоспарланған кемінде 70 жоба пайдалануға берілмек. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында отандық кәсіпорындардың жүктемесін орта есеппен 65%-ға дейін арттыру бойынша қосымша шаралар әзірленеді. Транзиттік дәліздерді дамыту және көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін жаңа теміржолдардың, логистикалық орталықтар мен қоймалардың құрылысы жалғасады. Мәселен, жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау көлемін 450 млн. тоннаға, автомобиль көлігімен тасымалдау көлемін 316 млн, сондай-ақ транзиттік тасымалдарды 30 млн. тоннаға дейін, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді тасымалдау көлемін 4,2 млн. тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Үкімет отандық бизнесті қолдауды жалғастырады. АӨК дамытуға қосымша 240 млрд. теңге қаралады. Шағын және орта бизнес  жобаларын субсидиялауға 320 млрд. теңгеге дейін бағытталады. Инвесторлар тарту мақсатында 12 арнайы экономикалық және индустриялық аймақ қажетті инфрақұрылыммен қамту жоспарланған. Бұл мақсаттарға 160 млрд. теңге арналады. Сондай-ақ, «өнеркәсіптік ипотека» тетігі бойынша жалпы сомасы 30 млрд. теңгеге 8 жаңа шағын өнеркәсіптік аймақты құру жұмыстары жеделдетілетін болады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT