Мевлют Чавушоғлу: Терроризмнің ұлты да, этникалық түрі де, діні де жоқ. FETO бүкіл адамзатқа қауіп төндіруде

(0 Votes)

2016 жылғы 15 шілде күні кешке «Фетуллахшы террор ұйымы» (FETO) елімнің халқы мен үкіметіне қарсы қанды төңкеріс әрекетін бастады. Олардың мақсаты – өздерінің басшысы Фетуллах Гүленге ғана адал, радикалды әрі фундаменталистік режим орнату болды.

FETO-ға қатысы бар армия бөлімдері Ыстамбұлдағы Босфор көпірі сияқты маңызды жерлерді басып алу үшін казармаларын тастап кетті, соғыс ұшағы мен шабуылдау тікұшақтары Парламент ғимараты, Президент резиденциясы, армия және полиция штабтары сияқты стратегиялық нысандарды бомбалады; мыңдаған бейбіт тұрғын бұрын-соңды болмаған сұмдық төңкеріс әрекетін тоқтату үшін көшелерге шықты. Қастандық жасаушылар 251 жазықсыз бейбіт тұрғынды өлтіріп, мыңдаған адамды жаралады. Сол түні түрік халқы демократияны өз өмірлерін бәйгеге тігу арқылы қорғап калды. Қастандық ұйымдастырушылар мұндай батыл жауап күтпеген еді.
Жағдайдың қалай болғанын түсіну үшін FETO-ның шынайы болмысын ұғыну қажет. FETO 1960 жылдардың соңында «діни қозғалыс» деп аталатын ұйым ретінде құрылды. Білім беру мен дінаралық диалогты дамытамыз деген ат жамылып, өздерінің қара ниетін жасырып келді.
FETO мүшелері мен ұйым қатарына алынғандардың армияға, құқық қорғау органдарына, сот жүйесіне және көптеген мемлекеттік мекемелерге, соның ішінде менің министрлігіме жан-жақты жоспарланған және кең тараған деңгейде ену процесі ондаған жылдар бойы жасырын түрде жүзеге асырылып, оның соңғы фазасы 2016 жылғы 15 шілде күні іске асты.
Төңкеріс әрекеті сәтті болғанда, бүгінгі Түркия мүлдем басқаша болар еді. Демократия болмас еді әрі негізгі құқықтар мен бостандықтар белгісіз мерзімге тоқтатылатын еді. Халық экстремистік үкіметтің қолында қалар еді.
FETO оқу орындарының маңызды бөлігін бақылаумен қатар, көптеген қаржы институттарына да иелік етті. Олардың банк шоттарын өнеркәсіп пен саудадағы белгілі FETO мүшелері, сондай-ақ шенеуніктер мен қоғам қайраткерлері толықтырып отырды. Көптеген бейкүнә азаматтардың діни көзқарасы манипуляцияланып, олар FETO-ның қаржысына үлес қосуға мәжбүр болды. Дүние жүзіндегі мектептерінен алынған орасан зор табыс түпкілікті қолдану мақсаты үшін жасырын түрде осы шоттарға жіберіліп отырды.
2016 жылғы 15 шілдедегі қанды төңкеріс әрекетінен кейін мемлекеттік секторды, оның ішінде мемлекеттік мекемелер мен әскерилерді, сонымен қатар жеке секторды FETO-ға қатысы бар барлық тұлғалар мен компаниялардан табанды тазарту процесі басталды. Қастандық жасаушылар ішінде бірқатар танымал есім ұсталды. Бірқатары әділдіктен қашып, шет елдерде пана тапты. FETO террор ұйымының басшысы Фетуллах Гүлен әлі күнге дейін АҚШ-та тұрады. Үкіметіміз жылдар бойы АҚШ-тан Гүленнің, ал Еуропа елдерінен FETO мүшелерінің Түркияға экстрадициясын талап етіп келеді. Өкінішке орай, бұл өтініштер әлі орындалған жоқ.
Дегенмен, әлемнің басқа жерлерінде бұл лаңкестік ұйымның өздеріне де қауіп төндіретінін түсініп, қажетті шараларды қабылдап жатқан үкіметтер саны артып келеді. FETO виза алаяқтығы, ақшаны жылыстату және қару-жарақ саудасы сияқты заңсыз әрекеттермен де айналысады. Сондықтан, көптеген елдерде FETO мүшелері мемлекеттік және жеке секторлардан тазартылуда. Шетелде осы лаңкестік ұйыммен байланысы бар көптеген мектептер 2016 жылдан кейін Түркияның «Маариф» қорына берілді. Бүгінде «Маариф» мектептері көптеген елдерде жұмыс істейді және дүние жүзінде тамаша білім беруде.
Түркияның FETO-ға қарсы күресінің сипаты мен ауқымы – шенеуніктері мен бейбіт тұрғындарын террорға ұшыратқан, демократиялық құндылықтарға, негізгі құқық мен бостандықтарға қауіп төндіретін ұйымдарға қарсы басқа елдердің жүргізген күресінен еш айырмашылығы жоқ. Түркия лаңкестікпен күресуде бірқатар елдердің бұрын істегенін қайталап жатыр. Барлық процедуралар заңға сәйкес жүргізілуде.
Терроризмнің ұлты да, этникалық түрі, діні де жоқ. Бұл бүкіл адамзатқа түгел қауіп төндіреді. Сондықтан, бұл қауіпке қарсы әрекет біріккен және табанды болуы керек. Ешбір мемлекеттің лаңкестерді бөліп-жаруға құқығы жоқ және ешбір террористік ұйымды белгілі мүдделерге сай «пайдалы» деп есептеуге болмайды. FETO жүздеген адамның өліміне, сондай-ақ түрік халқына қарсы жасалған басқа да ауыр қылмыстар үшін жауапты. 2016 жылдың 15 шілдесінен кейін алты жыл өткен соң Түркия FETO-ға, сондай-ақ PKK («Күрдістан жұмысшы партиясы»), PYD-YPG («Демократиялық одақ партиясы») («Халық қорғаныс бөлімшелері»), DHKP-C («Революциялық ұлт-азаттық майдан-партиясы») және ДАИШ сияқты басқа террористік ұйымдарға қарсы табанды күресін жалғастырып келеді.
Терроризммен күресте халықаралық қоғамдастықтан Түркиямен ынтымақтас болуын күтеміз.

Мевлют ЧАВУШОГЛУ,
Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521