Мемлекетті жастар көркейтеді

(0 Votes)

Бүгінде еліміздің әр аймағында студент жастармен кездесулер ұйымдастырылып, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асатын конституциялық реформа кеңінен түсіндіріліп жүр. Осындай басқосулар кезінде ең жиі қойылатын сұрақтың бірі – «Жаңа Қазақстанның көшбасшы жастары қандай болуы керек?» деген сауал.

Көшбасшы жастар – кез келген мемлекеттің болашағы. Олардың жастық шағы елдің дамуына, гүлденуіне үлес қосатын маңызды уақыт болып саналады.

Шығыс әмірлерінің бірі Әл-Фарабиден: «Ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ?» деп сұрағанда ғұлама: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонан соң айтып берейін», деген екен. Сондықтан елдің қандай болатындығын жастарға, яғни біздерге қарап біледі. Көшбасшы жас­тар елінің болашағына алаңдап, «Қайтсем елімді көркейтем?» деген мақсатты алдына қойса, ең маңыздысы осы.

Бүгінде елімізде көшбасшылық жасап жүрген жастар жетерлік. Алайда өкінішке қарай, олардың арасында көшбасшылық қасиеттерін қоғамға жат, теріс бағытта пайдаланып жүргендер де баршылық. Ал бізге тәртіпке бас иген, білікті, батыл, ойы ұшқыр, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ел алдында еркін сөйлей алатын, елін сүйетін патриот, келешек ұрпақ үшін алаңдайтын, қазақ елінің болашағын жасайтын көшбасшы жастар керек. Мемлекет тарапынан осындай жастарға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетілсе, сол буынның артынан еліміздің талай өскелең ұрпағы ілесетініне толық сенемін.

Өмірден өз жолын таба алмай адасып, түрлі теріс бағыттағы топтарға қосылып қылмысқа, құқық бұзушылықтарға барып жүрген жастарға психологиялық, әлеуметтік тұрғыда көмек көрсетудің, оларды дұрыс бағытқа жетелеудің мәні зор. Қазіргі қоғамның жегі құртына айналған жемқорлыққа жастарды қарсы тұруға үндеу де назардан тыс қалмауы қажет. Осы тұрғыдан келгенде Жаңа Қазақстанды әрі қарай дамытуға, мемлекеттік істерге және толыққанды саясатқа араласу үшін «Жастар – көшбасшы» ұйымын құруды ұсынамын. Өйткені көшбасшы жастарды қолдау мен сенім арту маңызды. Біздер, қазақ елінің жастары ата-бабаларымыз аңсаған осындай бейбіт күнімізді және теңдесі жоқ тәуелсіздігімізді бағалай бі­ле­йік, сонда ғана келешек ұрпаққа кең байтақ жеріміз бен қазақы болмысымызды, салт-дәстүрімізді, жақсы істерімізді аманат етіп қалдырамыз, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы тиіс.

 

Ақмоншақ ҚҰРАЛБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT