Махамбет Досмұхамбетов Венгрия елшісін қабылдады

(0 Votes)

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михай Галошфаиды қабылдады»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастық пен инвестиция тарту сынды мәселелер талқыланды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов венгерлік компаниялардың Атырау өңірінде қызмет етуде бай тәжірибесі бар екенін, олардың аса ірі Теңіз мұнай кен орнын игеру жұмыстарының басы-қасында болғанын атап өтті.

Өңір басшысы сондай-ақ венгерлік тарапты Атырау экономикасының мол мүмкіндігімен таныстырып, мұнай-газ өндіруден бөлек, оның құрылымын әртараптандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

«Қазір мұнай химиясын, ауыл шаруашылығын, балық шарушылығын, өңдеу өнеркәсібі мен машина жасауға басымдық беріп отырмыз. Сондықтан әсіресе, осындай салаларға инвестиция тартуға мүдделіміз. Егер бизнес өкілдері осында келіп, түрлі жобаларға инвестиция салуға ынталы болса, жан-жақты қолдау көрсетеміз»,-деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, ол таяуда қабылданған облысты дамытудың кешенді жоспары туралы айтып, оның бизнес үшін қандай мүмкіндіктер ашатынын түсіндірді. Мәселен, «Ұлттық индустриалдық мұнайхимия технопаркі» еркін экономикалық аймағының инвестициялық әлеуеті мол. Онда Қазақстанның мұнай химиясы саласын дамытуға тың серпін беретін бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Осы орайда өңір басшысы венгерлік инвесторларды облыс аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды. Өз кезегінде Төтенше және Өкілетті елшісі Михай Галошфаи да Венгрия мен Қазақстанның экономикалық байланыстар саласындағы әлеуеті мол екенін айтып, оларды жандандыру қажеттігін атап өтті. Соның ішінде, венгерлік тараптың білім беру, медициналық, экологиялық жобаларға қатысуға қызығушылық танытатынын атап өтті. М.Досмұхамбетов пен М.Галошфаи екі елдің ежелден қалыптасқан тарихи байланыстары мен ортақ мәдени құндылықтары қос мемлекет халықтарын жақындастыратын фактор екенін атап өтті.

Айта кетейік, 2021 жылдың қаңтар – сәуір айларында Атырау облысының Венгриямен сауда айналымы 850 мың АҚШ долларын құраған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT