Махамбет ауданында «Таза Қазақстан» акциясы өтті

(0 Votes)

Бүгін Махамбет ауданында  «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті.  Мемлекет басшысының тапсырмасымен, әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған қоршаған ортаға құрметпен қарауға үндейтін  шараға махамбеттіктер белсене қатысты.

Шараны аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов ашып, акция қатысушыларын Астана күнімен құттықтап, ауылдың тазалығын сақтау жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар шара. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді. Облысымызда төтенше жағдай жариялануына байланысты бұл акция бізде енді өткелі отыр. Бүгін Астана күні мерекесі қарсаңында баршаңызды ауылымыздың тазалығына атсалысуға шақырамын, -деді Асхат Саламатұлы.

Келесі кезекте сөз алған  Атырау қаласы «Жасыл ел» жастар жасағының жетекшісі Құрақбай Заманбек шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Махамбет ауданы әкімдігіне және «Жастар ресурстық орталығына» алғыс білдірді.

-Екі жылдан бері «Жасыл ел» жобасының жетекшісімін. Осы екі жылда Махамбет ауданы жастарының жоба аясында жоғары деңгейде жұмыс жасап жүргенін айрықша атап өткім келеді. Бүгін өткелі отырған «Таза Қазақстан» акциясына қатысушы барша аудан тұрғындарына ризашылығымды білдіремін,-деді ол. 

Шараның ашылу салтанатында ауданымызға белгілі  өнерпаз Шыңғыс Нұрғалиұлы патриоттық бағыттағы «Атамекен» әнін шырқап, акция қатысушыларына рух сыйлады.

Одан әрі акция қатысушылары «Жастар» саябағы мен «Жасыл белдеу» алаңында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Акцияға аудандық әкімдік және ауданға қарасты мекеме қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, студенттер, «Жасыл ел» жасағының сарбаздары, қоғамдық ұйымдардың мүшелерінен құралған 200 ге жуық адам қатысты.

Фото: zh-shugylasy.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521