М. ДОСМҰХАМБЕТОВ БАЛАЛАР ҮЙІ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНІҢ ТҰСАУЫН КЕСТІ

(0 Votes)

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов  мамандандырылған балалар үйі тәрбиеленушілерінің тұсауын кесті», - деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мамандандырылған балалар үйі тәрбиеленушілерін 1-маусым халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтады. Сосын мұндағы екі баланың тұсауын кесіп, өмірде әрдайым жолдары ашық болуын тіледі. Олардың бірі — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тастанды бала болса, екіншісін — мүмкіндігі шектеулі анасы бағуға жағдайы келмегендіктен орталыққа уақытша тапсырған.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Көпшілігі туғанынан ана мейірімін көрмей өсіп келе жатқан бұл балалардың махаббат пен қамқорлыққа өте зәру екенін білеміз. Сондықтан да бүлдіршіндеріміз көп ұзамай жақсы отбасыдан жайлы орын тауып, туған елдің лайықты азаматтары болып өссін. Бүгін ғана емес, балаларымызға әр күні мерекелік көңіл-күй сыйлап, жағдай жасауымыз керек»,-деген тілегін білдірді. Одан кейін аймақ басшысы бүлдіршіндер өз өнерін ортаға салған «Біз өмірдің гүліміз» атты концерттік іс-шараның бірнеше нөмірін тамашалады.

Одан соң балалардың қандай жағдайда тұрып жатқанымен танысып, әлеуметтік мекеменің басшылығымен әңгімелесті. Әлеуметтік мекеменің басшысы Раиса Баймұханованың сөзінше, қазіргі кезде мұнда түрлі ауруға шалдыққан, 4 жасқа дейінгі 23 бүлдіршін тәрбие алуда. Балалар орталық нерв жүйесінің зақымдануы, сөйлеу тілі дамуының тежелуі және ДЦП ауруларымен ауырады.

Ал әлеуметтік мекеменің 50 қызметкері сәбилерді сапалы және уақтылы күтім-бағыммен қамтамасыз етіп отыр. «Бұл мереке ұрпақтың жан-жақты дамуына жауап беретін қызметкерлер үшін де өте маңызды. Бақытты және Тәуелсіз еліміздің мақтанышына айнала алатын ұрпақ тәрбиелеу сынды зор жауапкершілікті жете сезінетіндеріңізге сенемін. Осы бағыттағы ерен еңбектеріңіз үшін әрқайсыңызға арнайы алғысымды білдермін»,-деп аймақ басшысы әлеуметтік мекеменің қызметкерлеріне де ризашылығын білдірді.

syjly-beru

Балалар мерекесіне орай тәрбиеленуші бүлдіршіндерге облыс әкімі  атынан сыйлықтар берілді.

Соңғы жылы мамандандырылған балалар үйінің бір тәрбиеленушісін отбасы асырап алса, алтауы өздерінің туған үйлеріне оралған, бір бала отбасылық үлгідегі  "Шаңырак" балалар ауылына ауыстырылыпты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT