Президент Жолдауында ұлттық әуе жүк тасымалдаушысын құру және мультимодальдық тасымалдауды басым бағытқа шығару – еліміздің көлік саясатына жаңа серпін беретін аса маңызды бастама ретінде айтылды. Бұл арқылы Қазақстан халықаралық жүк айналымында өз орнын нығайтып, аймақтық транзиттік орталыққа айналуға қадам жасайды. Әуе тасымалының тиімділігі теміржол, автокөлік және теңіз бағыттарымен бірігіп, бірыңғай логистикалық жүйе қалыптастырады.
Бұл жүйені басқаруда жасанды интеллекттің мүмкіндігі ерекше маңызды. AI жүк көлемін алдын ала болжау, шұғыл өзгерістерге жедел жауап беру, рейстердің жүктемесін нақты есептеу, ауа райы мен техникалық жағдайларға байланысты тәуекелдерді автоматты түрде талдау сияқты міндеттерді орындай алады. Сонымен қатар қойма менеджментінде роботтандырылған сұрыптау, жүктің қозғалысын онлайн бақылау, маршруттарды динамикалық өзгерту де жасанды интеллекттің арқасында іске асады.
Нәтижесінде тасымалдау сапасы артып, жүктің уақытында жеткізілу көрсеткіші жақсарады, ал шығындар айтарлықтай төмендейді. Осындай цифрлық модельге көшкен ұлттық әуе жүк тасымалдаушысы Қазақстанды халықаралық логистика нарығында бәсекеге қабілетті ойыншыға айналдырады.
Теңел Исмагулов,
Ганюшкин теміржол станциясының басшысы


