Киелі Түркістан өлкесінде Ұлттық құрылтай өтуде.
Құрылтайда Президентіміз Қасым – Жомарт Тоқаев баяндама жасап, ұлттық құндылықтарымызға байланысты нақты идеологиялық басымдықтарға назар аударды. Аталмыш шарада маңызды шешімдер қолдау тапты. Білім және ғылым саласына қатысты жаһандану заманында кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуы – алдыңғы кезекте қоғамдық институттардың өзгеруіне, бейімделуіне, ұлттың бірегейлігіне, құндылықтар қалыптастыруына, ғылым мен білімнің дамуы мен заманауи қоғам құру мәселелеріне тікелей байланысты екені айтылды. Мемлекет басшысы «Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу.
Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын», – деп өзінің арман-мақсатын да алға тартты.
Президенттің «Адал адам» концепциясы Абайдың «Толық адам» концепциясымен үндескендей. Сондай-ақ еліміздегі мемлекеттік наградалар қатарына Бейбарыс сұлтан, Әбу Насыр әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы марапаттарды қосуға шешім қабылдады. Құрылтайдағы Қасым – Жомарт Кемелұлының «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясын кеңейту, кітап дүкендерінде қазақ тілді кітаптарды көбейту, білім беру ұйымдарындағы тәрбие мәселелерін жетілдіру, оқушыларды еңбекке баулу, балалардың мәдени дамуына жағдай туғызу, жасөспірімдерді жаман әдеттрден аулақ болуға шақыру туралы шешімдері ұстаздар қауымы үшін көкейде жүрген түйткілді жайттардың шешімін тапқандай.
Еркеназ Қалижан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі