Үшінші құрылтай атамекен Атырауда өтеді екен. “Былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда бас қосып, елдік мәселелерді талқыладық.
Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын” деді президент.
Оған дейін Атырау-Астрахан тас жолын бітіріп қойса жақсы болар еді. Құрылтайға келгендерді арғы беттегі Бөкей ханның, Құрманғазы күйшінің мазарына апаратын. Сосын Қиғаштың көз тартатын тұңғиығын (лотос) көрсететін. Каспий, Еділ, Қиғаш бойындағы тұңғиық жайлы кино түсірсе де артық етпейді. Себебі мұндай тұңғиық әлемде Оңтүстік-Шығыста ғана бар.
Бізге ол қайдан келген? Еділ қалмақтарының қатысы бар ма? Тұңғиық жайлы қазақта да талай аңыз-қиссалар, ырым-тыйымдар бар. Зерттесе, қызық тақырып. Қызыл кітапқа енген табиғаттың осы бір тамашасы Атырауға турист тартуға сұранып-ақ тұр ғой…
Серікбол Хасан