Атырау облысында бюджет қаржысын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылуда. Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті енгізген «Онлайн бюджеттік мониторинг» ақпараттық жүйесі осы бағыттағы бақылауды жаңа деңгейге көтерді.
Жүйенің басты артықшылығы – қаржылық қозғалыстарды шынайы уақыт режимінде қадағалау. Бұл тетік мемлекеттік мекемелердегі кемшіліктерді жедел анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуы мен түрлі заңбұзушылықтарға жол бермеу тетігі күшейді.
Тәуекелдерге негізделген бақылау барысында бірқатар келеңсіз жағдайлар тіркелді. Атап айтқанда, есептеулерді негізсіз артық жүргізу, 1С бағдарламасы арқылы қате төлем жасау, бірдей карт-шоттарға бірнеше тұлға атынан қаражат аудару, сондай-ақ жеке сәйкестендіру нөмірлерін қате енгізу секілді заң бұзушылықтар анықталды.
Осындай әрекеттердің салдарынан жалпы сомасы 90,4 миллион теңге көлемінде қаржылық бұзушылық тіркеліп, соның 64 миллион теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. Оның ішінде білім беру ұйымдарында – 77,8 млн теңге, қайтарылғаны 52 млн теңге, мәдениет пен спорт саласында – 2,8 млн теңге, түгелімен өндірілді. Денсаулық сақтау мекемелерінде – 10,5 млн теңге, соның 9,9 млн теңгесі қалпына келтірілді.
Бұл деректер цифрлық бақылау құралдарының тиімділігін айқын көрсетеді. Мемлекеттік қаржының әрбір теңгесі ел игілігіне жұмсалуы тиіс екені белгілі. Сондықтан да «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етудің сенімді құралына айналып отыр.
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті аталған жұмысты тұрақты бақылауда ұстап, бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған мониторингті жалғастыра бермек.
Саягүл САПАРОВА,
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің басшысы