Қазақстандықтарға жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде 326,9 млрд теңге төленді

(0 Votes)

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 291 млрд теңге жұмсалды.

Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 35,9 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 536,9 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 186,7 мың адамды құрайды. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5% - ға өсті.

ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуіне байланысты 2023 жылғы 1 шілдеден бастап МӘЖ мөлшері орта есеппен қосымша 14,5% - ға индекстелді. Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 89 248 теңгені, 2-топ үшін – 71 398 теңгені, 3-топ үшін – 48 681 теңгені құрайды. Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды, ал асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді 60,6 мыңға жуық отбасы алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, олардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Үкіметінің шешімі бойынша 8,5% - ға өсті.

ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуіне байланысты 2023 жылғы 1 шілдеден бастап төлем мөлшері қосымша 14,5% - ға ұлғайтылды. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 44 967 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 49 592 теңгені құрайды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT