Жақында Атырау облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде тәртіп сақшылары отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мақсат – мемлекеттік органдарда әйелдерге қатысты кемсітушілік пен жыныстық қудалаудың алдын алып, құқықтық сауаттылықты арттыру.
Кездесуде Атырау қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі, Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкері Айгерім Орақбаева арнайы түсіндірме жұмысын жүргізіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Оның айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылық – бұл жай ғана тұрмыстық жанжал емес, бұл – бір адамның екінші адамды билеу, бақылау, өзіне бағындыру мақсатында жасайтын жүйелі, қасақана әрекеті. Бұл зұлымдық – әлеуметтік, экономикалық, діни немесе мәдени шекараға қарамай, қоғамның әрбір қабатына таралуы мүмкін.
– Зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілері көбіне көзге көрінбейді – күйзеліс, психологиялық қысым, манипуляция түрінде байқалады. Уақыт өте келе ол ауыр физикалық әрекеттерге, дене жарақатына, тіпті үйден қуып шығуға дейін апаруы мүмкін. Мұндай жағдайда зардап шеккен адамның психологиялық ахуалы нашарлап, өмір сапасы күрт төмендейді, – дейді маман.
Дегенмен, қиындықтан шығудың жолы бар. Айгерім Орақбаева кез келген адам өз құқығын білуі және қажет кезде көмек сұрауға ұялмауы керектігін атап өтті.
– Егер адам әрекет етпесе, зорлықтың салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан әрбір адам өзін қауіпсіз сезінуге, құрметке лайық екенін түсінуі тиіс, – дейді ол.
Альбина ҒАЛИЕВА,
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті, Қызметті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы