Облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушовтың төрағалығымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Комиссия отырысына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары: Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен және қоғам қайраткері Елена Тарасенко қатысты.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Олар: баласыз отбасыларды мемлекеттік қолдау; отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы; облыста отбасылардың әл-ауқатына мониторинг жүргізу туралы. Аталған бағыттар бойынша жауапты басқармалар баяндама жасады. Мемлекеттік қолдау бағытында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлім етті.
-Қазіргі уақытта Қазақстанда бедеулік жиіленіп, ерлі-зайыптылардың жалпы популяциясы 15%-дан 18%-ға дейін ауытқыған. Осы тұрғыда бала сүюді арттыру үшін экстракорпоральды ұрықтандыру тәсілі қолданылады. Бұл бағыттағы квотаны ерлі-зайыптылар да, ресми некеде тұрмайтын ерлі-зайыптылар да ала алады. Пациенттердің жасы 18-ден 42 жасқа дейін болуы тиіс, сондай-ақ елімізде тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде болуы керек. Биыл облыста 4 айда ЭКҰ үшін 117 әйел комиссиядан өтіп, 98 әйелге ЭКҰ жүргізілді. Бүгінгі таңда 9 әйелде жүктілік орын алды, деді А.Байдуәлиев.
Ал, Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев Дін істері басқармасы діни бірлестіктермен бірлесіп, отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы және репродуктивті денсаулықты сақтау мәселелерін халық арасында ілгерілету бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асырғанын жеткізді.
Өз кезегінде Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаев «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба бойынша биыл әлеуметтік қолдау шараларымен 5045 адам қамтылғанын, нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі тұрақтап, осы жылдың 1-тоқсанына 4,8 пайызды құрағанын айтып өтті.
Жиын қорытындысы бойынша қаралған мәселелер мен хабарламалар негізінде ерлі зайыптылардың балалы болуы үшін оларға мемлекеттік қолдау көрсету, отбасының әл ауқатын көтеру мәселелеріне үнемі мониторинг жасау, отбасындағы тәлім-тәрбиені одан әрі жетілдіру бағытында тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар берілді.