Президенттің жасанды интеллект пен цифрландыру туралы айтқан ойлары – еліміздің технологиялық болашағын айқындайтын стратегиялық тұжырым. Жаһандық деңгейде ІТ саласының қарқынды дамуын ескере отырып, еліміз осы бағытта белсенді әрекет етіп, нақты нәтижелерге қол жеткізе алады.
Біз CodiPlay жобасы арқылы еліміздегі жас ұрпақты технологияларды меңгеруге баулып келеміз. Бұл жоба оқушыларға жасанды интеллект пен бағдарламалауды қарапайым әрі қызықты әдістермен үйретеді. Президенттің білім беру жүйесіне AI технологияларын енгізу туралы айтқаны өте өзекті. Жастарға бұл дағдыларды ерте жастан үйретсек, олар тек тұтынушы ғана емес, технологияларды жасаушы, инноватор болады. Бұл – біздің елдің интеллектуалды капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестиция. Цифрлық сауаты бар және цифрлық дағдыларға бейім балаларды дайындау арқылы еліміз IT саласында көш бастай алады.
Президенттің жасанды интеллект этикасы мен оның қауіптерін дұрыс реттеу қажеттігі туралы айтқанымен келісемін. Бұл саланы дамытуда біз тек инновацияларға емес, олардың дұрыс қолданылуын қамтамасыз етуге де мән беруіміз керек. Ол үшін заң мен қадағалау құралдарын қарастырып, тәжірибелі мамандардың көмегіне жүгіну арқылы қауіп-қатердің алдын алу қажет.
Еліміз жасанды интеллектіні дамыту мен цифрландыру арқылы әлемдегі IT хабтардың бірі бола алады. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін мемлекет, бизнес және білім беру саласы бірлесе жұмыс істеуі қажет. Президент айтқандай, жасанды интеллект – тек технология ғана емес, қоғамды түбегейлі өзгерте алатын құрал. Біз осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, елімізді жаңа технологиялардың көшбасшысына айналдыра аламыз.
CodiPlay бұл үдерістің бір бөлігі болуға дайын. Біз жаңа ұрпаққа болашақтың кілтін ұстатып, оларды өзгерістердің қозғаушы күші ретінде дайындауға атсалысамыз.
Жанәділ Талдыбаев,
CodiPlay жобасының негізін қалаушы, IT кәсіпкер