Сауда-саттық – ықылым заманнан келе жатқан күнкөріс көзі. Сол арқылы дүние жүзінде барыс-келіс, алыс-беріс үрдісі қалыптасты. Ұлы Жібек жолы ашылып ел мен елді жалғастыратын алтын көпір пайда болды. Бір жердің саудагерлерінің екінші елде кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік туды. Есесіне уақыт өте келе инвесторлар сан салаға инвестиция салатын жағдайға жетті. Ал қазіргідей кезеңде инвесторлардың біздің елге бетбұрыс жасауы қуантарлық жағдай десек, әсте жаңылыспаймыз.
Экономикасы құлдырап жатқан мемлекеттерден инвесторлар кетсе, дамуға бет алған елдерге келуі – заңдылық. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында көтерілген инвестициялық саясатын қолдауымыз қажет.
АҚШ, Еуропада қор, қаржы, жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істейтін әлемге әйгілі инвесторлар бар. Ал Қытайда тауар өндірісі мен зерттеу жұмыстарына тартылғандары көп. Импортқа тәуелділіктен арылу үшін тауар өндірісі мен шикізат өңдеу саласына қомақты инвестиция тарту экономикалық өсімге жеткізеді. Себебі ұсақ-түйекке дейін шығаратын мемлекеттердің заттарына сұраныс толастамайды. Біздің жеріміздің асты-үстіндегі байлықты шикізат күйінде шетел асыра бермей, терең өңдеуге толық көшетін уақыт шынымен де жетті. Президент Үкіметке өңдеу саласына көбірек қаражат тартуды, инвестиция саясатын жаңа сатыға көтеруді, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруді, мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аударуды, бөле жармай ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеуді, қаражат бағыты мен мақсатын, көлемін нақтылауды, өндірістің сұранысына сай инвестицияға тапсырыс жасауды, инвестиция тарту жүйесін жаңғырту жөніндегі іс-шаралар жоспарын он күн ішінде түзуді тапсырды.
Инвестиция тарту мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жүйелі жоспарлау керек. Сонда жүйелі дамуға қол жеткіземіз. Мысалы, бір облыста тек басымдық берілген бағытта зауыт аша бермей, әртүрлі өнім өндіретін кәсіпорындар салу керек.
Бізде бір іске демеуші тарту бар да, баянды байланыс орнату жоқ. Ал дамыған елдерде мейлінше инвесторларға жайлы жағдай жасалып, мызғымас достық орнатылады. Себебі олар салған зауыт, фабрикаларда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, бюджетке салық түседі. Президент еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынасты бытыраңқы деп бағалап, қағазбастылықтың көптігін, түрлі органдардың құзыреттерінің қайталанатынын атап өтті. Сол сияқты инвесторларға салық жеңілдіктерін қарастырып, ел экономикасы үшін маңызы зор, пайдасы бар жобаларға басымдық беруді, инвестициялық келісім жасау тәсілінің тиімділігін арттыруды ұсынды.
Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауы Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертіледі. Қазынаға 850 млрд теңгеге жуық қаржы қайтарылып, ол ақша 10 мектеп, 4 спорт, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымының құрылысына және жөндеуге жұмсалған. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып, қайтарылған активтер республикалық бюджетке түседі.
Отандық бизнесті қолдау үшін Ұлттық қор қаржысын қосымша инвестиция көзі ретінде қолдануда сақтық пен қырағылық керек. Ақша тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеуге тиіс. Бұған дейін зейнетақы қорынан агро секторды қолдауға берілген қыруар қаржының талан-тараж болып кеткенін ұмытуға болмайды. Ал Ұлттық қор ақшасы болашағы зор әрі нарықтағы әлеуеті жоғары жобаларға жөнімен жұмсалса, нұр үстіне нұр болар.
Үкімет олардың тиімділігін арттыру үшін терең талдау жасап, түбегейлі шаралар қабылдауға тиіс. Арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға жеке немесе шетелдік компанияларды тартуға кеңес берді.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақтардың экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күшіне айналуы қажет. Алайда олардың көбінің коммуналдық мүліктерді басқарумен және аса маңызды емес жобаларды жүзеге асырудан әрі аса алмай жатқаны белгілі болды. Президент олардың аймақ экономикасына айтарлықтай әсер етпейтінін ескеріп, Үкіметке осындай корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыруды тапсырды. Бұл – өте құптарлық қадам. Себебі жергілікті жерде қай бағытта ненің керек, ненің керек емес екенін атқарушы билік біледі. Сондықтан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар даму жобаларының тізбесін жасап, Үкіметке ұсынуға тиіс. Мысалы, Түркістан облысы Отырар ауданы мен Түркістан қаласында ашылған мақта зауыты кешенді әрі ілкімді мега жобаның бірі болды. Соның арқасында 4 мың адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорындарды ауылдарда ашып, тұрғын үйлерді ауылдарда салу керек. Сөйтіп, қалаларда нәпақа тапса да үйсіз-күйсіз жүрген адамдарды өз ауылдарына қайтару қажет. Ауылда жұмыс болса, жастарды жаппай қалаға тартып несі бар?
Сол үшін де Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлікті екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық қор қаржысы арқылы қолдау көрсетуге мүмкіндік бергелі тұр. Ал шетелдік инвесторларды еліміздің экономикасын инвестициялауға шақырып жатыр.
Президент тау-кен металлургиясын мемлекеттік жаңа индустриялық қалыбының сенімді тірегі ретінде көріп, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар деп біледі. Сыртқы нарықта сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың бағасы артып келеді. Біздің елдің аталған салада әлемдік дәрежеде ойып тұрып орын алуына мүмкіндігі жетеді. Мемлекет басшысы алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуды және көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруды Үкіметке жүктеді. Президент жүктеген міндеттер уақтылы әрі сапалы орындалса, қазіргідей экономикалық дамуға жасалған бетбұрыспен кемел келешекке сөзсіз жетеміз.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты