Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын әртараптандыруға жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті. Кейінгі жылдары өңдеуші өнеркәсіптің жалпы қосылған құны екі есе өсіп, 17 трлн теңгеге жуықтаған. Дегенмен оның ІЖӨ-дегі үлесі небәрі 12,4% болып отыр. Президент бұл жеткіліксіз екенін айтып, әртараптандыру қарқынын арттыруды тапсырды.
Әсел Әбеннің айтуынша, әртараптандыру сыртқы сауданың да тынысын аша түскен. 2025 жылдың алғашқы жартысында өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 12,8 млрд долларға жетіп, елдің жалпы экспортының үштен бірін құрады.
«Еліміз біртіндеп шикізат қана емес, күрделі өнім жеткізушісі ретінде де өз орнын бекітіп, жаңа нарықтарға шығып, серіктестер тартып, жаһандық өндірістік тізбектерде позициясын нығайтып жатыр. Бірақ әлі де ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті терең өңдеу өнімдерін шығаруға басымдық беруіміз қажет. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар жүйесіз. Әдетте, қолдау шаралары тәсілдері мен шарттары бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі институттар арқылы жүзеге асырылады, бұл кәсіпкерлерге түсініксіз. Сондықтан да тәсілдерді оңтайландыру керек», дейді сарапшы.
Расында, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілетті болуы үшін инвестицияны көбірек тарту керек. Әсіресе өңдеу саласына қаржы салынса, ол жаңа технологиялардың келуіне, жұмыс өнімділігінің артуына жол ашады. Мұндай қолдау нәтижесінде жаңа өндіріс орындары пайда болып, білікті мамандарға деген сұраныс өседі.
«Өңдеу өнеркәсібінде шешімін күткен мәселе аз емес. Мәселен, ағаш бұйымдары мен жиһаз шығару тоқырауға ұшырады, фармацевтика саласында да өсімнің қарқыны баяу. Бүгінде өндірістің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Бұл салаға әлемдік нарықтағы баға құбылмалылығы қатты әсер ететіндіктен, жалпы өнеркәсіптің тәуекелі артып отыр. Ұзақмерзімді тұрақтылыққа жетудің ең тиімді жолы – жоғары қосылған құны бар салаларды дамыту. Яғни шикізатты жай экспорттамай, одан дайын өнім шығарып, қосымша құн әкелетін өндірістерді өркендету қажет. Ал қазір қиындыққа тап болған салаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, бүкіл өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті арта түспек», деп түсіндірді сарапшы.
Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, экономиканы әртараптандыру ел экономикасын өсіреді.
«Бұл мұнай мен металға тәуелділіктен арылу, ауыл шаруашылығы, IT, қаржы, туризм, фармацевтика сияқты жаңа салаларды дамыту. Бұл мұнай бағасы құлдырағанда әр отандасымыздың табысына соққы тимеуінің кепілі. Өнеркәсіпті әртараптандыру қолданбалы деңгейде маңызды рөл атқарады. Бүгінде өндіру мен металлургия басым. Алайда Қазақстанның болашақ индустриясы машина жасауға, мұнай химиясына, фармацевтикаға, шикізатты қайта өңдеуге және жоғары технологияларға негізделуге тиіс. Бұл жоғары қосылған құнды өнімдер, экспорт көлемінің артуы және технологиялық егемендік әкеледі», дейді ол.