АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайтуға, оның ішінде әртүрлі қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген адамдардың орналасқан жерін анықтауға және оларды ұстауға бағытталған жұмысты жалғастырып жатыр.
Маңғыстау облысының «Бейнеу» теміржол станциясында көрші мемлекеттің азаматы ұсталды. Ол ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген. Өткен жылы ер адам Атырауда топпен бірге базар қоймасынан 19 млн теңгеге тауар ұрлап кеткен. Қарағандыда мемлекетаралық іздеуде жүрген адам ұсталды. Ол басқа біреудің мүлкін иемденіп, талан-таражға салды деп күдікке ілінген. Қаскөй Шымкенттегі ломбардтардың бірінің филиалының директоры бола тұра, өз сыбайластарымен бірге ЖШС-ға тиесілі 1 млрд теңге қаражатты иемденіп, талан-таражға салған. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске салсақ Талғарда бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталғаны туралы жазған едік.