Грант алуға мүмкіндік мол

(0 Votes)

Аудандық жұмыспен қамту орталығында «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жобаға» сәйкес мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сай, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бағытындағы үміткерлердің өтініштерін қарау» жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Оған «Business.enbek.kz» порталы арқылы өтінім берген 21 адам қатысты. Жалпы грант жөнінде тоқталатын болсақ, бұл – нысаналы мақсаты бар жаңа бизнесті ашу мен дамытуға берілетін бастапқы капитал. Оның мөлшері 1 225 200 теңгені құрайды. Әр қатысушы қайтарымсыз қаражатты тек бір рет қана алады.

Ең алдымен өтінім бермес бұрын аталған порталға ЭЦҚ арқылы тіркеліп, грант алу шарттарымен толық танысқан абзал. Одан әрі бизнес-жоспарын жасайды. Бизнесті қолдау мақсатында ісін, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өтеусіз негізде ұсынылатын қаржыны кімдер ала алады? деген сұрақ туындайды. Әрине, жұмыссыз 29 жасқа дейінгі жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, көп балалы отбасы мүшелері, мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер және қандастардың грантты ұтып алуға мүмкіндіктері бар.

Тек үміткердің «бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылғаны жөнінде үш жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы керек. Өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін грант алу тәртібі толықтай цифрландырылған.
Комиссия отырысында үміткерлер бастапқы бизнес жобаларын таныстырып қорғады. Тіркелген 21 адамның, 10-ы грантты ұтып алды. Оларға комиссия мүшелері қайтарымсыз грант беру – оңды-солды қаражат үлестіру еместігін, оның артында сұрауы болатынын мұқият ескертті.

Айта кетейік, грант тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT