Әлеуметтік желілерде «Каспий голд қосымшасы арқылы әлеуметтік шот ашылуда, өйткені балалар жылына арналған, 18 жасқа дейінгі балаларға арнайы әлеуметтік төлем төленеді» деген ақпарат таралуда, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының орынбасары Гүлмира Искалиеваның айтуынша, таралып жатқан бұл ақпарат жалған.
-«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекттік корпорациясы әлеуметтік қамсыздандыру бағытында бала тууға байланысты бір жолғы жәрдемақы, бала 1 жаска толғанга дейінгі мемлекеттік жәрдемақы және 4 баладан жоғары отбасыларға ай сайын көп балалы отбасы ретінде төленетін жәрдемақылар бар. Ал, аудиожазбадағы айтылып жүрген ақшалар туралы ресми түрде ақпарат жоқ екенін хабардар етеміз, деді Г.Искалиева.
Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Тулегариева да бұл ақпараттың жалғандығын айтты.
-Әлеуметтік қорғау бойынша заңнамаға сәйкес, төлемдер мен қызметтер көрсетілуде. Тамыз айында облыстағы 23 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдарға біржолғы 50000 теңге қарастырылған. Алайда, әлеуметтік желіде тарап жатқан балалар жылына орай 1 маусымға шот ашып, ақша аударылады деген ақпарат жалған, деді ол.