Нашақорлық – әлемді жайлаған қауіпті құбылыс. Торына шырмалып, болашағына балта шабылғандар аз емес. Сол себепті, онымен күрес – баршамыздың азаматтық борышымыз. Жас ұрпақтың есірткінің тұзағына ілініп, қармағына түсіп, азып-тозуына жол бермеуге тиіспіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан, біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз қажет. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет», деген еді. Онымен күресте құқық қорғау орындарының орны ерекше.
Ақ өлімді саудалаушылар мен таратушылар ауданымызды да айналып өтпейді. Тоғыз жолдың торабында жатырмыз. Арғы жағымыз – Ресей. Есірткі таралуының алдын алып, тиісті шаралар қабылдамаса болмайтыны анық. Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің мәліметін келтірсек, есірткі қылмысына қарсы жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың барысында 7 қылмыстық теріс қылық тіркелген. Өткен жылдың маусым айының 5-і күні «Вольва» автокөлігін тексерген кезде ішінен есірткіге ұқсас зат анықталып, ҚР ҚК-нің 296 бабының 2 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұдан бөлек азаматтардан 5 рет марихуана шөбі тәркіленген. Сонымен қатар, «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, аудан көлемінде орналасқан дәріханаларда жасөспірімдерге психотроптық заттарды сатпау жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілген. Шара барысында 2 қылмыстық іс тіркеліп, оның біреуіне сараптама тағайындалса, 1 дерек бойынша іс материалдары сотқа жолданған.
Қанат ҒҰМАРОВ

