Еселі еңбек еленген күн

(0 Votes)

Араға жылдар салып қайтадан мерекелене бастаған 25 қазан – Республика күнінде ел дамуына елеулі еңбек сіңірген бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардармыз.

Ал, сол Ақорда төрінде төсіне орден таққандардың арасында «Қазақавтожол» ЖШС Атырау облыстық филиалының №83 жол пайдалану бөлімшесінің автокөлік жүргізушісі Сәрсенбай Рахымғалиевтің де болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Қарапайым мамандықты еншілеген азаматқа ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев салалық министрлікте өткен салтанатты жиында өз қолымен табыстады.

marapattaldy-medal1

kamaz

Сәрсенбай Жұмагелдіұлы 1961 жылы 12 желтоқсанда Қадірке ауылында дүниеге келген. Ауданымыздағы Абай, М.Әуезов атындағы мектептерде оқып білім алды. Өмірлік кәсібіне айналған жүргізушілік мамандықты да Абай атындағы орта мектептің жоғарғы сыныбында оқытылатын «Автодело»  пәні арқылы игеріп шықты. 1980-82 жылдары міндетті әскери борышын өтеп келгеннен кейін аудандағы ДЭУ-7 мекемесіне слесарь болып орналасты. Бір айдан соң жұмыс орны оны  №188 кәсіптік училищесінде оқытып дәнекерлеуші мамандығын алуына мүмкіндік жасады. Жалындап тұрған жасты 1983 жылы алғаш  мекеменің жанармай таситын «ЗИС-150» автокөлігінің руліне отырғызады. Өз ісіне мығым жан табан аудармаған бір мекемедегі қырық жылдық еңбек жолында талай автокөлікті тізгіндеді.  Қазіргі уақытта жол жұмыстарын атқаратын арнайы «Камаз» автокөлігінің жүргізушісі. Жанұясында зайыбы Света екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Қуандық №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері. Қызы Арайлым тұрмыста, күйеуі Жандарбекпен 4 жиен сүйгізіп отыр.

astanada

Мемлекеттік марапат иесі жайында жұмыстастары өте жақсы пікірде. Көп сөйлеуді білмейтін, ешкімнің бетіне жел болып келмейтін жайсаң мінез жігіт ағасының өз орталарында аса беделді, сыйлы екенін айтады. №83 жол пайдалану бөлімшесінің инженері Нәзиолла Тілеуғалиев Сәрсенбай  Жұмагелдіұлын техникасын жақсы күтіп ұстайтын ұқыпты, қысы-жазы жол  бойында атқарылатын жұмыстарға әрдайым дайын ететін жауапкершілігі жоғары адам ретінде бағалады. Сондықтан да тілалғыш, елгезек азаматты араларынан құрметтелуге лайықты деп ұйғарыпты.

medal-foto

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521