Мұхтар Әуезовтің осыдан бір ғасыр бұрын жазып кеткен «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі проблема әлі өзекті. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Amanat» атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлы Мұхтар Әуезов 1921 жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесін жазып, қазақ прозасында сол кезеңдегі өзіміздің кейбір «ағаларымыздың» жас жеткіншектерге әлімжеттілігі жөнінде жазса, біздің жастарымыз ХХІ ғасырдың 20-жылдары да «қорғансыздың күнін» кешіп отыр! Еліміздің жоғарғы, орта оқу орындарында студент, оқушылардың – сіз бен біздің балаларымыздың жатахана, оқу корпустерін бай-бағландар ұялмай- қызармай тартып алған», - деген депутат Алматы Аграрлық университетіндегі жағдайды «масқара» деп атады.
«Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» дейді, өйткені балаң сенің айтқаныңды емес, істегеніңді істейді! Сонда біз жеткіншек ұрпаққа қандай тәрбие беріп отырмыз? Сондықтан, Ұлттық құрылтайда Президент Қ. Тоқаев ұлттық тәрбие мәселесін көтерді. Қазақ «Не ексең, соны орасың» дейді. Болашақ ұрпақ ұлағатты, парасатты болсын десек, біз ересектер, адамшылық бет-бейнемізді сақтай білуіміз керек.
«AMANAT» партиясының депутаттары өздерінің игі істерімен, ұлағатты ойларымен, нақты қадамдарымен халыққа үлгі болып, жаңа тұрпаттағы саяси мәдениетті қалыптастырудың эталонына айналуы керек», - деді Мәжіліс депутаты.