Энергетика министрінің облысымызға сапары

(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жаңа қызметіндегі жұмыс сапарының бірінде Атырау облысында болып, өңірлік энергия жүйесі нысандарын аралады.

«Атырау ЖЭО» АҚ басшылығы кәсіпорнының электр қуатын кеңейту барысымен таныстырып, қосымша турбоагрегаттарды, қазандарды орнату, бу жүктемесін ұлғайту арқылы өндірілетін электр қуатын 215 МВт-тан 474 МВт-қа дейін жеткізілгенін, алдағы уақытта қуаты 60 МВт болатын тағы да екі турбоагрегат орнату жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл жаңа станциялар өңірдің энергетикалық қуатын арттыруға мүмкіндік беретін болады.

Энергетика министрі сондай-ақ, 2016 жылы іске қосылған «SagatEnergy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Қуаты 10 МВт болатын бұл электр станциясы Каспий құбыр желісі консорциумының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Кәсіпорын бойынша стансаның қуаттылығын 30МВт-ға жеткізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сала мамандары Нұрлан Асқарұлына KEGOC-тің қосалқы станциясына жақын орналасқан икемді жүктеме мүмкіндігі бар жаңа газпоршеньді станса бүкіл Батыс энергия торабы жұмысының тұрақтылығы мен сенімділігін жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Бұл кейінгі уақыттарда жалп етіп сөне қалатын электр жарығының тұрақты берілуіне септігін тигізері анық. Әйтпесе, әлеуметтік желілерде, тұрғындар жиынында осы сала мамандарына сын айтушылар көп болды. Бірі сығырайған жарыққа көңілдері толмаса, енді бірі жиі сөнетініне наразы. Әсіресе жылдың соңына таман қайтасын-қайта жарық өшіп әуре-сарсаңға салғанда энергия үнемдеу үшін жасалып отыр деген өкпе-наздарын айтқан еді. Аудандағы «Атырау-Жарық» ЖШС мамандары бұл техникалық себептермен болатынын түсіндірді.

Үстіміздегі жылдан бастап еліміздегі «Электр энергиясын пайдалану қағидалары» туралы заңнамаға кейбір түзетулер енгізілгені белгілі. Бұл турасында облыстық «Ақ Жайық» газеті ҚР Энергетика министрлігіне сауал жолдап, төмендегідей түсініктеме бергенін жариялады.

Біріншіден, жеке тұлғаларды электр қуаты көзіне қосу шартын жасау рәсімі жеңілдетіліп, осыған дейін тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға тоғыз түрлі құжат ұсынатын болса, енді қажетті бес түрлі құжат тапсырады.

Екіншіден, электрмен жабдықтау шартының талаптарын бұзғаны үшін тұтынушыны ажырату туралы хабарлау тәсілі өзгерді. Бұрын тұтынушы тек жазбаша ескертілетін және міндетті түрде оған қол қою қажет еді. Енді тұтынушылар бережақ үшін өшірілетіні туралы хабарламаны 30 күнтізбелік күн бұрын өздерінің таңдауы бойынша электрондық пошта, SMS-хабарлама немесе қолданыстағы мессенджерлер арқылы ала алады. Мәселен, сіз ағымдағы айдың соңына дейін ток көзін тұтынсаңыз, энергиямен жабдықтаушы мекеме келесі айдың 15-іне дейін есебін шығарады да, тұтынушыға 25-іне дейін төлеуге уақыт беріледі. Егер осы уақыт ішінде төленбесе, энергиямен жабдықтаушы ұйым 30 күнтізбелік күннен кейін электр қуаты ажыратылатыны туралы хабарлама жібереді. Аталған ережелер олар қолданысқа енгізілгенге дейін болған шарттық қатынастарға қолданылмайды, яғни тұтынушы жаңа шарт жасамаса, бұл өзгерістердің оған қатысы жоқ.

Негізінде электр энергиясын пайдалану қағидалары 2015 жылдың 20 ақпанынан бері қолданылып келеді, тек өзгергені қарыз туралы хабарлама жіберу тәсілдері ғана. Енді тұтынушылар электр қуатымен жабдықтау мекемесімен келісімшарт жасасқанда хабарламаны жіберудің өдеріне ыңғайлы электронды пошта, SMS, немесе кәдімгі квитанциямен жіберу түрін таңдай алады. Электр энергиясына қарыз болған тұтынушы желіден ажыратылып, өтелгеннен кейін қайта қосылу ақылы екенін естен шығармау қажет. Ол үшін жеке тұлғалардың көп пәтерлі үйдің тұрғындары 6730 теңге, ал жеке тұрғын үй секторының тұрғындары 10115 теңге төлеу қажет. Сондықтан бержақтармен уақтылы есептесіп отырғаныңыз абзал.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521