Биыл елімізде барлығы 20 мың адамға грант беру жоспарланып отыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындады: 2016 жылғы бұйрыққа енгізілетін өзгерістер аясында жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін бизнесті дамытуға арналған гранттар көлемін 400 АЕК-ке дейін (2022 жылы – 1,2 млн теңге) ұлғайту көзделген.
Жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары өз ісін ашуы үшін бұл гранттар керек. Биыл барлығы 20 мың адамды гранттармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жастар практикасына және «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысатын жас мамандардың жалақы мөлшерін 30 АЕК-ке дейін ұлғайту, сонымен бірге жастар практикасына және «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімдерін тиісінше 12 және 18 айға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сонымен бірге биыл жастар практикасына кемінде 22 мың адамды жіберу, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына кемінде 3 мың жастың қатысуын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Zakon.kz