Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

(0 Votes)

Апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10 шілдеде Шәкір Кейкін Атырау қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Шәкір Кейкінұлы 1970 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданында дүниеге келген.

1993 жылы Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Құлсары қаласында «Теңізмұнайкомплект» ЖШС-да коммерциялық бөлімінің брокері қызметінен бастаған.

1999 жылға дейін әр түрлі қызмет атқарған. 1999-2001 жылдары «РАМАКО» ЖШС директорының коммерция жөніндегі орынбасары, 2001-2008 жылдар аралығында «Казстройсервис ЛТД» ЖШС директоры, 2008-2008 жылдары Жылыой ауданы Қосшағыл ауылдық округінің әкімі болған.

Ал, 2008-2009 жылдар аралығында Жылыой ауданы Құлсары қаласы әкімінің орынбасары, 2009-2018 жылдары Жылыой ауданы Құлсары қаласының әкімі болып жұмыс істеген.

2018-2019 жылдар аралығында Атырау қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы, 2019 жылғы ақпан-қыркүйекте Атырау қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2022 жылдар аралығында Мақат ауданының әкімі қызметіне тағайындалған.

Биылғы наурыздан осы тағайындауға дейін Сауда және интеграция министрлігінде Сауда департаментінің басшысы қызметін атқарып келген.

10 шілде күні Асқарбек Ертаев көші-қон комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Асқарбек Ертаев 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. «Нұр» Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының өнеркәсіп, көлік, байланыс, құрылыс және коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі II санаттағы маманы болып бастаған.

2000-2014 жылдары банк саласында әртүрлі қызметте жұмыс істеді.

2014-2021 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің бас сарапшысы, басқарма бастығы, директордың орынбасары, Стратегиялық талдау және даму департаментінің директоры.

2021-2022 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚР Қауіпсіздік кеңесі Талдау бөлімінің сектор меңгерушісі болды.

2022 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Үкіметі аппараты Экономикалық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Сол күні Ермек Қуантыров «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының бас директоры болды. Е.Қуантыров президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген, соның ішінде Ұлттық зияткерлік меншік институтын (Қазпатент) басқарды, сонымен қатар Колумбия университетінің құқық магистрі (LL.M.) дәрежесіне ие.

Қазатомөнеркәсіптің құқықтық сүйемелдеу және сатып алу жөніндегі бас директоры лауазымына тағайындалғанға дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры қызметін атқарды.

Аптаның алғашқы күні Маңғыстау облысы жастар саясаты басқармасының басшысы тағайындалды. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жастар саясаты мәселелері басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Ол - бұған дейін Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының директоры қызметін атқарған Мұқаш Оралбай болатын.

Мұқаш Оралбай қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2016 жылы «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының маманы болып бастаған.

2017 жылдан осы уақытқа дейін жастар саясаты саласында жұмыс істеді. Маман қызметінен бастап, Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының басшысына дейінгі жолдан өтті.

10 шілдеде Абат Жанғалиев Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі лауазымына тағайындалды. Абат Сайфоллаұлы 1977 жылы Құрманғазы ауданындағы Орлы ауылдық округінде дүниеге келген. Батыс Қазақстан аграрлық университетін «агрохимия және топырақтану», Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялар жүйелері университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1999-2000 жылдары «Шакупов» шаруа қожалығы тігу цехының тері өңдеушісі болып бастаған.

2000-2001 жылдар аралығында Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облыстық аймақтық басқармасының шекарадағы мал дәрігерлік-фитосанитариялық қадағалау бекетінің мемлекеттік фитосанитариялық инспекторының міндетін атқарушы, 2001-2011 жылдары аталған министрліктің Атырау облыстық аймақтық инспекциясында шекарадағы мал дәрігерлік-фитосанитариялық қадағалау бекетінің мемлекеттік фитосанитариялық аға инспекторы болған.

2011-2011 жылдары агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясында өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі бөлімінің бастығы, 2011-2014 жылдар аралығында Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы лауазымын атқарған.

2014-2021 жылдары Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, 2021 жылғы наурыздан бері Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы қызметін атқарып келген.

Амангелді Халмұрадов Маңғыстау облысы әкімінің аппарат басшысы болды. Амангелді Халмурадов Ш. Есенов атындағы Ақтау университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын және Алматы менеджмент университетін «Бизнес және менеджмент», «Құқықтану», «Іскери әкімшілік» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1985 жылы Жетібай автокөлік кәсіпорнында слесарь шәкірті болып бастаған.

1986 жылдан 1988 жылға дейін Қарулы күштер қатарында мерзімді қызмет атқарды.

1988-1990 жылдары Маңғышлақ автокөлік-өндірістік бірлестігінің «Трансагенттік» автокөлік кәсіпорнында слесарь болып жұмыс істеді.

1990 жылдан 2006 жылға дейін ішкі істер органдарында қызмет атқарды, онда полиция-жүргізушісінен бастап, Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің тылдық қамтамасыз ету бастығына дейін қызмет атқарды.

2006 жылдан 2010 жылға дейін жеке секторда басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2010 жылдан 2022 жылға дейін ішкі істер органдарында қызмет атқарып, тылдық қамтамасыз ету басқармасының бастығы, Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, Ақтау қаласы Ішкі істер басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымында болды.

2022 жылдың қараша айынан бастап қазірге дейін Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі болған.

11 шілдеден бастап Қайрат Қасым Қостанай облысы ТЖД бастығының міндетін атқарады. Қасым Қайрат Жарылқасынұлы 1977 жылғы 6 ақпанда Жамбыл облысы Меркі ауданының Мерке ауылында туған.

2004 жылы Тараз мемлекеттік университетін, 2007 жылы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери университетін, 2019 жылы Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясының магистратурасын бітірді.

2020 жылдан бастап Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясының адъюнктурасында оқуын жалғастырды. Азаматтық қорғау органдарында 2010 жылдан қызмет атқарып келеді. Азаматтық қорғау органдарындағы қызметін ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс департаментінің Тұрғындарды және аумақты қорғау басқармасының аға офицері лауазымынан бастады.

2011-2015 жылдар аралығында Азаматтық қорғаныс департаментінің Әскери-жұмылдыру жұмысы және әскери бөлімдер басқармасының аға офицері, ТЖМ 28237 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша командирінің орынбасары, ҚР ІІМ ТЖК Азаматтық қорғаныс басқармасының тұрғындарды және аумақты қорғау бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды.

2015-2022 жылдар аралығында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, ал 2022 жылдың маусым айынан 2023 жылдың шілде айына дейінгі аралықта Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары болып қызмет атқарды.

Сейсенбіде Айдар Әбілдабеков ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Айдар Әбілдабеков 1970 жылы дүниеге келген. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы коммерциялық құрылымдарда бастады, сауда саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысты.

1998-2009 жылдары ҚР кеден органдарында инспектор, аға инспектор, бас инспектор, кеден бекеті бастығының орынбасары, бөлім бастығы болып қызмет атқарған.

2010-2022 жылдары статистика органдарында жұмыс істеген: ҚР Статистика агенттігінің Қызмет статистикасы басқармасының бастығы, Алматы қаласы бойынша статистика департаменті бастығының орынбасары болды, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облысы, Алматы қаласы бойынша Статистика департаменттерін басқарды.

2022 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

11 шілде күні Нұржан Өтепбаев БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына басшы болды. Нұржан Сапаргелдіұлы 1984 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2006 жылы «БанкЦентрКредит» АҚ Атырау филиалының заң бөлімінің заңгері болып бастады. Әр жылдары «Аджип ККО» визалық қолдау жөніндегі кеңесші, «Эн Си Продакшн Оперейшнс компани Би Ви» ЖШ жеке компаниясы филиалының корпоративтік қызметін қолдау жөніндегі супервайзері, «Бейбарыс-Атырау» хоккейден облыстық мамандандырылған спорттық клубы» КМҚК директоры, «Алматы қаласының даму орталығы» АҚ «Almaty Innovations» инновацияларды дамыту орталығы директорының орынбасары, «Kazakh Invest» «Ұлттық компаниясы» АҚ өңірлік директоры болып жұмыс істеді. Тағайындауға дейін «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

11 шілдеде Мұқанбетқали Есенғалиев Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Мұқанбетқали Есжанұлы Есенғалиев 1987 жылы дүниеге келген, екі жоғары білімді.

2008 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 2019 жылы Қазақ-Орыс Халықаралық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2009 жылы бастаған.

Әр жылдары облыс әкімі аппаратының бас маманы, бас инспекторы, Хромтау ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған. 2021 жылдың сәуір айынан бастап Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.

Аптаның екінші күні Ернар Лазар Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Ернар Лазар 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, халықаралық қатынастар магистрі. 2006 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетін «халықаралық экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтын бітірген.

Еңбек жолын 2006 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінде бастаған. 2007-2010 жылдары Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы; 2011- 2013 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы;

2013-2017 жылдары Қазақстанның Нидерландтағы екінші, бірінші хатшысы; 2017-2018 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің кеңесшісі лауазымдарында қызмет атқарған.

2018 қаңтар айынан бастап ҚР Президенті Әкімшілігі Сыртқы саяси және халықаралық байланыстар бөлімінің консультанты, инспекторы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында қызмет етті.

2023 жылы 11 шілдеде Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Екінші дәрежелі кеңесші дипломатиялық дәрежесіне ие. Сейсенбідегі тағы бір тағайындау Берік Бегалиев Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі болды. Берік Бегалиев 1989 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Шу қаласында туған. Білімі – жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заңгер бакалавры және ҚР Президенті жанындағы мелмекеттік басқару академиясы бизнес және басқару магистрі.

Еңбек өтілін Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінде «Жастар практикасы» маманы ретінде бастаған. Әр жылдары Шу аудандық жастар орталығы консультанты, ішкі саясат бөлімінің бас маманы, Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар орталығы директорының орынбасары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің консультанты, Шу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы, басшысы, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Меркі ауданы әкімінің орынбасары лауазымында еңбек етіп келді.

11 шілде күні Атырауда отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылына директор болды. Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, балалар ауылының директоры лауазымына конкурс жарияланған. Конкурстық рәсім аяқталғанға дейін директордың уақытша міндетін Қасым Мұқашев атқарады.

13 шілдеде Бақытжан Байахметов ШҚО әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бақытжан Кәкенқажыұлы Байахметов 1970 жылдың 29 тамызында бұрынғы Семей облысы, Аягөз қаласында туған. 1992 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту ордені ауылшаруашылық институтын инженер-электрик мамандығы бойынша, 2008 жылы Алматы Орталық Азия университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992-1999 жылдары «Алтайэнерго» мекемесінде Аягөз электр торабының инженері ретінде бастап, 1999-2000 жылдары жергілікті автоматикалық релелік қорғау қызметінің бастығы болып тағайындалады.

2000 жылы «ШҚ РЭК» жабық акционерлік қоғамның техникалық қамсыздандыру және релелік автоматикалық қорғау бөлімінің басшысы болып, 2000-2001 жылдары «ВК РЭК» жабық акционерлік қоғамның бас диспетчері болып жұмыс істеді.

2001-2004 жылдары аудандық электр торабын да бөлім басшысы, торап бастығы қызметтерін атқарды. 2004 жылы «ШК РЭК» жабық акционерлік қоғамының Аягөз аймағының директоры болып тағайындалды. 2004-2005 жылдары Бородулиха ауданының электр торабының бастығы болып қызмет ақтарды. 2005-2008 жылдары Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2008-2009 жылдары «Дана-Аягөз» жауапкершілік шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры ретінде жұмыс істеді.

2009 жылғы ақпан айынан маусым айында дейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігін де басқарма бастығы, бас сарапшы қызметтерін атқарды.

2009 жылдың маусымында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бюджеттік жоспарлау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бас эксперті болып тағайындалды. 2009 жылғы қазанынан бастап Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне ауысты. 2010 жылдың қарашасынан Аягөз қаласының әкімі болып жұмыс істеді. 2014 жылдың желтоқсаны мен 2019 жылдың сәуірі аралығында Аягөз ауданын басқарды. 2019 жылдың сәуірінен 2021 жылдың маусымына дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.

2021 жылдың 28 маусымынан 2022 жылдың тамызына дейін Семей қаласының әкімі қызметін атқарған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Абай облысынан сайланған депутаты болды.

2023 жылғы ақпаннан бері ШҚО әкімі аппаратын басқарды. Бейсенбіде Ербол Нұрғалиев ШҚО әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. Ербол Нұрғалиев 1975 жылы 10 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Михайловка ауылында дүниеге келген.

2000 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, 2010 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заңгерлік университетін, 2018 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Семей облысының Жарма ауданында Чапаев атындағы орта мектепте мұғалім болып бастады.

2002 жылы ШҚО Жарма ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі лауазымында болды.

2011 жылғы сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының бастығы болып тағайындалды. 2015 жылы желтоқсанда Ақтөбе облысы Ішкі саясат басқармасының бастығы болып еңбек етті. 2017 жылы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 2018 жылдың қараша айынан ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды.

2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

2022 жылғы тамыздан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары болды.

14 шілдеде Аманғали Бердалин Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды. Аманғали Бердалин 1964 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Саратов мемлекеттік зоотехникалық-ветеринарлық институтын, Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетін бітірген.

Еңбек жолын 1981 жылы құрылысшы болып бастаған. 1989-1994 жж. – Ақтөбе облысы Г. Шевченко атындағы кеңшардың аға мал дәрігері, бас мал дәрігері. 1994-2011 жж. – Г. Шевченко атындағы кеңшарда «Қарабұтақ» ұжымдық кәсіпорнының төрағасы, «Қарабұтақ» ЖШС-нің директоры 2011-2012 жж. – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы әкімі орынбасарының м.а., әкімі. 2012-2016 жж. – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының әкімі. 2016-2019 жж. – Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі. 2019-2021 жж. – Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары. 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болды.

Жұма күні Дархан Нұрпейісов банк омбудсмені болып сайланды. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 40-1-бабына сәйкес өкілдер кеңесінің кезектен тыс отырысының қорытындысы бойынша Дархан Қадырбайұлы Нұрпейісов көпшілік дауыспен банк омбудсманы болып сайланды.

Дархан Қадырбайұлының заңгерлік білімі бар, заң ғылымдарының докторы, профессор, іскерлік басқару магистрі (МВА). Банк секторында жұмыс өтілі бар, Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінде, ҚР Ұлттық банкінде басшылық лауазымдар атқарған.

14 шілдеде ҚазТрансгаз Аймақ акционерлік қоғамына жаңа басшы тағайындалды. «QazaqGaz»ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен «ҚазТрансгаз Аймақ» АҚ еншілес компаниясының бас директоры (басқарма төрағасы) лауазымына Бауыржан Бекзатханұлы Асқаров тағайындалды. Бауыржан Асқаров Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ университетін, Мәскеудің халықаралық қатынастар мемлекеттік университетін тәмамдаған. Түрлі жылдары ҚР Мұнай және газ министрлігінің басқарма басшысы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ департамент директоры, «Eni Agip Caspian Sea» компаниясында бас кеңесші, «KMG Drilling & Services» басқарушы директор, аппарат жетекшісі, «ҚазМұнайГаз» Барлау және Өндіру» АҚ басқарма мүшесі – бас директордың орынбасары, Норт Каспиан Оперейтинг Компани – КМГ-Кашаган B.V. корпоративтік сервис жөніндегі директор қызметтерін атқарған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT