Еларалық жолдың сапасы жақсарды

(0 Votes)
«Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Ресей Федерациясы шекарасына тірелетін «Ақтөбе – Мәртөк» тасжолының 51–84 және 95–99 шақырымын жөндеу аяқталды. Биылғы мамырда «Ассана Дор Строй» ЖШС мамандары іске кірісіп, қара суыққа қалдырмай тапсырманы уақтылы орындады.
 
Осы бөліктегі орташа жөндеу жұмыстарына 2,3 млрд теңге мемлекет қаржысы жұм­салды. «Қазавтожол» ұлттық ком­паниясы Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Ринат Оразғалиевтің айтуынша, екінші санаттағы «Ақтөбе–Мәртөк» тасжолына 2013 жылы қайта жарақтандыру жүргізілгеннен бері оның сапасына шағым болған жоқ. Жолдың сапалы болғанына қарамастан, биылғы жылы бұзыла бастаған 34 шақырымын екі тұсынан қайта жөндеуге шешім қабылданды. Оның бірінші бөлігі Қа­зақстан–Ресей шекарасындағы «Жайсаң» өткізу бекетіне дейінгі 4 шақырым жол. Осы тұсқа екі қабатты асфальт-бетон жамылғы төселді. Ал тасжолдың 54–84 шақырымы аралығында, яғни Кеңсахара мен Вознесеновка ауылдары тұсындағы тасжолдың беткі қабаты қырылып алынып, қиыршық тас төселіп, асфальтті-бетонды қоспамен қайта бекітілді. Тас­жолдың ені кеңейтілген жоқ.

«Ресейдің Орынбор облысы бағытына қарай «Ақтөбе–Мәртөк» тасжолының бойымен тәулігіне жүретін 7 мың көліктің 1 800-і ауыр жүк көліктері. Еліміздегі көлік қозғалысын реттейтін соңғы заңнамадағы өзгерістер бойынша республикалық маңызы бар тас­жолдардың кейбір бөліктерінде ауыр жүк көліктерінен төлемақы талап етіледі. Мәселен, Ақтөбе облысы аумағында «Ақ­төбе–Мәртөк» тасжолы мен «Ақ­тө­бе–Атырау» автокөлік жолының «Қан­ды­ағаш–Мақат» аралығынан салмағы ауыр көліктер тегін жүре алмайды. Осы жолдардағы төлемақы ауыр жүк көлік­терінің салмағы мен авто­бустардың сы­йым­дылығына байланыс­ты. Мәселен, салмағы 2,5 тонналық ауыр жүк көлігі мен 16 орындық автобус үшін 17–60 шақырым аралығына 310 теңге бекітілген. Жүргізуші жолға шықпастан бұрын алдын ала төлем жүргізген жағдайда ­оның бағасы 270 теңгеге төмен. Көлікақы ­қыс­та жолдарды күтіп ұстауға, жаңа ­тех­никалар сатып алуға жұмсалады», дейді Ринат Оразғалиев.

Жол активтері сапасы Ұлттық орта­лығы Ақтөбе филиалының инженері Нұрдәулет Түменовтің айтуынша, жөн­деу жұмыстары кезінде жолдың 53 жерінен сынамалар алып, материалдар сапасы тексерілген. «Біздің филиал мамандары жолға төсейтін асфальт құрамын, қиыршық тас, битум сапасын тексеріп қана қоймай, беткі қабаттарының тегістігін, көлбеулігін де бақылап тұрды. Сапасыз тұстары анықталғанда ескерту жасадық. Бірден қайта түзетілді. 100 шақырымнан асатын «Ақтөбе–Мәртөк» тасжолы 2013 жылы салынғалы бері жөндеу көрмесе де,  осы кезге дейін шыдас беріп келді. Аса қатты бүлінулер де байқалмайды.

Ақтөбе облысында жаңадан салын­ған жол сапасыз болып жатса, оған мерді­гер тікелей жауапты. Сапасыз, арзан мате­риалдарды төсегендіктен жөнделген жол бөліктері тез бұзылады. Көлік қатынасы өте тығыз республикалық маңызы бар тасжолдарды жөндеу кезінде сапалы битумдарды пайдалану керек. Осы жылы апатты жағдайлар көп болатын, көлік жүргізушілерінің наразылығын туғы­зып жүрген «Ақтөбе – Хромтау» тасжолы­ның 28 шақырымы кеңейтіліп, қайта салынып жатыр. Жол активтері сапасы Ұлттық орталығы филиалының мамандары осы бөліктегі жөндеу жұмыста­рын бақылауда ұстап отыр», дейді Нұрдәу­лет Түменов.

 

Ақтөбе облысы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT