Дін көшбасшылары адамзаттың цифрлық болашағын талқылауға қатысуы тиіс - Президент

(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Әдеп нормалары технологиялық прогрестің жоғары қарқынына бейімделіп үлгермей жатыр. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Әлем жаңа технологиялық дәуірге қарыштап еніп барады. Жасанды интеллект, үлкен деректер, биоинженерия және өзге де революциялық инновациялар адамзат тыныс-тіршілігінің барлық саласын түбегейлі өзгертуде. Бірақ, әдеп нормалары технологиялық прогрестің жоғары қарқынына бейімделіп үлгермей жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы таңдау еркіндігін қорғау және жеке өмірге қол сұғылмаушылық, цифрлық теңдікті қамтамасыз ету және қауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану сынды жаңа сын-тегеуіріндер пайда болғанына назар аудартты.

- Дін көшбасшылары адамгершілік құндылықтары мен арман-мұраттардың сақтаушысы ретінде адамзаттың цифрлық болашағын талқылауға қатысуы тиіс екендігіне сенімдімін. Кез келген технология адамдардың игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Бұл үшін рухани көшбасшылардың, ғалымдар мен технократ-инженерлердің тұрақты диалогы қажет, - деді Президент.

Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі басталды.

Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев дін басшыларын бейбітшілік елшілері деп атады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT