Биыл білім грантының саны өседі

(0 Votes)

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында айтты.

«Жалпы еліміздің кадр дайындайтын оқу орындарында қазір 1,1 млн астам студент білім алуда, орташа есеппен жыл сайын олардың 300 мыңы жұмыс нарығына шығады. Сапалы кадр дайындау үшін жұмыс ең басты 6 бағыт бойынша жүргізілуде. Соның ішінде білімге қолжетімділікті кеңейту, академиялық еркіндікті кеңейтіп, менеджментті жетілдіру, білім беру бағдарламаларын жаңартып, жаңа бағдарламалар ашу, жұмыс берушілерді кадрларды даярлауға тарту және сапаны қамтамасыз ету жүйесі бойынша жұмыс жүріп жатыр», деді А. Аймағамбетов.

Жоғары білімге қолжетімділік бойынша соңғы бірнеше жылда грант саны екі есе асты. Биыл ең көп 73 мың грант қарастырылып отыр. Студенттердің стипендиясы да екі есе артты.

«Біз ҰБТ-ны цифрлық форматқа көшірдік және жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігін енгіздік. Бұл біздің талапкерлер үшін өте қолайлы жүйе. Оған қоса 11-сынып бітірушілері шілдеде емес, қаңтар айынан бастап, оқуға шартты түсе алады. Бұл да өзге мемлекетке кетпеу үшін өте қолайлы шешімдердің бірі деп айтуға болады. Бірақ талаптар да күшейтіліп отыр, педагогика бойынша шекті балл 50-ден 75-ке дейін көтерілді. Медициналық бағыт бойынша – 70 және заң бағыттары бойынша – 75-ке дейін көтерілді», деді министр.

Президент тапсырмасымен техникалық мамандықтарға грант үлесі 40 пайыздан 60 пайызға дейін көбейтілді.

«Колледждерде де оқу гранттары саны жыл сайын ұлғайды. Биыл олардың саны 31 мыңға өсіп отыр. Оның 70 пайызы техникалық мамандықтарға беріледі. Колледждерде оқуға қолжетімділікті кеңейту үшін емтихандарды алып тастадық, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнайы квота беріледі. Ал гранттар баяғыдай әр колледжге бөлінбейді. Енді нақты талапкер студент тиісті грантты жеңіп алады, содан кейін ғана колледж таңдалады. Сәйкесінше бұл шара олардың бәсекелестігін арттырады», деді ол.

Egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521