Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны Атырау облысында дүниеге келгені өңіріміз үшін мақтаныш.
Онымен бір күнде ауданымызда да Асқар Нұрәлі Нұрсұлтанұлы атты сәби өмір есігін ашты. Бұл Теңіз ауылының тұрғындары Нұрсұлтан Мусағалиев пен Айгерім Оспанованың отбасындағы бесінші бала. Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова бастаған аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия, аудандық Аналар кеңесінің мүшелері бар топ перзентханаға барып, көп балалы ананы сәбилі болуымен құттықтады.
Ақ тілегін жеткізген аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Сәдуақасқызы:
– Еліміздің жиырма миллионыншы тұрғыны облысымызды дүниеге келіп отыр. Бұл мемлекетімізде демографиялық саясаттың жақсы жолға қойылғанының, бала мен ана денсаулығы назардан тыс қалмағанының шынайы көрінісі. Дүниеге келіп жатқан балапаныңыздың дені сау болсын! Аман-есен өсіп кетсін! Отбасыңызға мол бақыт, ырыс-береке тілеймін!, – деп гүл шоғы мен естелік сыйлығын ұсынды.
13 және 17 қараша аралығында ауданымызда 7 сәби дүниеге келіп отыр. Оның екеуі ұл, бесеуі қыз балалар.
Қанат ҒҰМАРОВ