«Бейбіт жиын және пикет өткізу тәртібі туралы» сұхбат

(0 Votes)

1. Демонстрация, митинг, пикеттеу мен шерудің айырмашылығы, Қазақстанда қазір бейбіт митинг өткізу тәртібі, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының құқықтары, бейбіт жиналыстарды кім ұйымдастырады, бейбіт жиын өтетінін қанша күн бұрын хабарланады, заңсыз митингіге шыққан адамның жауапкершілігі, митингіден ұстап әкеткенде не істеуі керектігі туралы аудан тұрғындарына түсіндіріп кетсеңіз.

Елімізде соңғы жылдары қоғам белсенділері әртүрлі өзекті тақырыптарды жиі қозғап, митинг, пикет, шеруге шығып жүр. Осы орайда бейбіт шерулердің негізгі 7 ереже-талаптарын білген маңызды. 

Демонстрация, митинг, пикеттеу мен шерудің айырмашылығы неде? 

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңда әрқайсына түсінік берілген. Мысалы

Демонстрация - қоғамдық маңызы бар мәселелер мен адамдардың және органдардың, ұйымдардың әрекеттері мен әрекетсіздігі бойынша пікірін жария білдіру мақсатында ұйымдастырылады. Қазақстандықтар белгілі бір уақытта белгілі бір маршрут бойынша қозғалады, онда көлік құралдарын, дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын пайдалануға болады.

Ал митингіде халық бір орынға шоғырланады.

Пикеттеу - бір адамның белгілі бір жерге, белгілі бір уақытта келіп, қозғалыссыз және дыбыс күшейткіш техникалық құралдарсыз плакатпен шығуы. 

Шеруде адамдар көлік құралдарын пайдаланбай, белгілі бір уақытта, белгілі бір маршрут бойынша жүріп өтеді, мұнда да көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланылады.

Сондай-ақ, Заңда бейбіт акцияны ұйымдастырушы, қатысушы және журналистің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.

2. Қазақстанда қазір бейбіт митинг өткізу тәртібі қандай? 

Алдымен жергілікті атқарушы органға бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарлама немесе келісім алу туралы өтініш жазу керек. Үгіттеу жұмыстары Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілдермен жүргізіледі. 

Ал ұйымдастырушы мемлекеттік кауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыстарға қатысушылармен түсіндіру жұмысын жүргізеді.

Бейбіт жиналыстар өткізу кезінде қоғамдық тәртіп сақталуы тиіс. 

«Рұқсат берілмеген жағдайда митинг заңсыз болып, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Талаптар еліміздің барлық өңірінде бірдей», - дейді аудан прокуроры Магилан Еркінұлы.

Бейбіт акция жергілікті өкілді билік органы (мәслихат) белгілеген арнайы орында ұйымдастырылады. Пикеттеуді қоспағанда, өзге орындарда бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынады. Пикетті қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда өткізілмейді. 

Ұйымдастырушы немесе ұйымдастырушының өкілі болмаған жағдайда бейбіт жиналыстар өткізуге жол берілмейді.

3. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының қандай құқықтары бар?

Ұйымдастырушының құқығы бейбіт шеру туралы заңда бекітілген. Олар:

- пікірлерін, талаптарын жария білдіруге, бейбіт жиналыстарһ өткізу кезінде шешімдер қабылдауға;

- азаматтардың талаптарына, өтініштеріне қол жинауды ұйымдастыруға;

- бейбіт жиналыстарды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;

- бейбіт жиналыстар өткізуден бас тартуға;

- аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне және фототүсірілім жасауға болады.

 4. Бейбіт жиналыстарды кім ұйымдастыра алмайды? 

Сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған немесе сот үкімімен жазасын өтеу кезеңінде түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған қазақстандық;

- жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, мемлекетке опасыздық жасағаны, тыңшылық, экстремистік және террористік қылмыстар, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;

- тіркеуден өтпеген заңды тұлға;

- заңда белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе тыйым салынған ұйым бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы бола алмайды.

5. Бейбіт жиын өтетінін қанша күн бұрын хабарлау керек? 

Пикеттеу, жиналыс, митинг өткізу туралы хабарламаны ұйымдастырушы бес жұмыс күнінен кешіктірмей қағаз түрінде немесе электрондық цифрлық қолтаңба қойылған электрон құжат ретінде береді.

Ал жергілікті атқарушы орган хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналыс ұйымдастырушысына жауап беруі тиіс, болмаса ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізеді.

6. Қандай жағдайда митингіге шыққан адам әкімшілік жазаға тартылады?

Заңда көзделген талаптар орындалмаса, бейбіт жиынды рұқсатсыз ұйымдастырған жағдайда әкімшілік жаза қарастырылған.

Ал тәртіп бұзса, қылмыстық жаза да бар.

7. Митингіден ұстап әкеткенде не істеуі керек?

«Қарсылық көрсетпей құқық қорғау органдарының заңды талаптарын орындап, кезекші прокурорды шақыруға да құқылы», - деді аудан прокуроры.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521