Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Телеграм» каналындағы парақшасында жазды.
«Бүгін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлыққа қол қойды, онда оның ережесі мен құрамы бекітілді.
Жаңа қоғамдық институт мүшелерінің қатарында белгілі композитор, жазушы Илья Жақанов, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, белгілі журналист және қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам, көрнекті ғалым-математик, академик Асқар Жұмаділдаев, ірі экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек Күлекеев, белгілі мемлекет қайраткері, саяси қайраткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи, мемлекет және қоғам қайраткері, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, мемлекет қайраткері, әлем чемпионы, Сеулдегі Олимпиаданың күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, биотехнолог ғалым, "QazVac" covid-19 вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закария, қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, белгілі филолог ғалым Анар Фазылжанова, эколог, қоғамдық белсенді Азамат Әміртаев және басқа да Қазақстанға танымал тұлғалар бар. Ұлттық құрылтай құрамында барлығы 117 қатысушы бар.
Ұлттық құрылтайдың басты ерекшелігі - оның құрамына әрбір өңірлік қоғамдық кеңестен бір-бір өкілден кіріп отыр. Осылайша, бұл диалог алаңы жергілікті қоғамдық Кеңестердің бүкіл жүйесін қамтиды.
Сондай-ақ, ұлттық құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялардың, бизнес, медицина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқықтарын қорғау және басқа да әлеуметтік топтардың ірі салалық бірлестіктерінің өкілдері кірді. Жастар көшбасшылары мен белсенділері де шақырылды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын аяқтады, бірақ оның мүшелерінің негізі ұлттық құрылтай құрамына кірді.
Жаңа құрылым туралы Президент өзінің наурыз айындағы Жолдауында алғаш рет мәлімдеді.
Ұлттық құрылтай не үшін құрылды?
Ұлттық құрылтай қоғамдық топтасуды нығайту және кеңейту бойынша идеялар мен қадамдарды іздеу және әзірлеу үшін диалогтық платформа болуға тиіс.
Ұлттық құрылтай мен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің айырмашылығы неде?
Егер ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде талқылау нысанасы ағымдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалау мәселелері болса, ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғамдық шоғырландыруды одан әрі дамытуға қатысты ұзақ мерзімді сипаттағы мәселелер талқыланатын болады.
Ұлттық құрылтай құрамы қалай қалыптасады?
Ұлттық құрылтай - ел Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Тиісінше, оның құрамы бойынша ұсыныстарды Мемлекет басшысының әкімшілігі дайындайды. Ұлттық құрылтай отырыстарына тек Ұлттық құрылтай мүшелері ғана қатысады.
Ұлттық құрылтайдағы жұмыс қоғамдық негізде жүзеге асырылатынын атап өту керек. Сонымен қатар, құрылтай жұмысында қатысушыларды ротациялау принципі қарастырылған. Бұл болашақта басқа да қоғам белсенділерін кезең-кезеңімен тартуға мүмкіндік береді.
Барлық қазақстандықтар өз ұсыныстарын Ұлттық құрылтай хатшылығына жолдай алатын арнайы онлайн-платформа құрылғанын ерекше атап өткім келеді.
Осылайша, Ұлттық құрылтай жаңартылған Қазақстанның құрылысына өз үлесін қосуға дайын азаматтардың жалпыұлттық бірігуінің өзегі болады» деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.