Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының ұйымдастыруымен би ұжымдары арасында «Бұраң бел» облыстық фестивалі өтті.
Жергілікті бишілердің тәжірибе алмасуына арналған шараға қала, аудандық мәдениет бөлімдеріне қарасты 21 би ұжымы қатысты. Ал, басты талаптың бірі – би ұжымының мүшелері 14-16 жас аралығында болу.
Балғын бишілер қазақ биінің сұлулығын және өзге ұлттар би өнерінің әсемділігімен ұштастырған би ырғағын көрерменге паш етті. Өнерпаздар өнерсүйер қауымды орындау шеберліктерімен де, киген костюмдерімен де таңқалдырып, тамаша көңіл-күй сыйлады.
– Біздің мақсат – қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, жас таланттарды анықтау, би өнерін қолдау. Бұл шара бишілердің шеберлігін тағы бір мәрте шыңдай түседі деп сенім білдіреміз, - деген облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов би ұжымдарына арнайы диплом мен қаржылай сыйақы табыстады.
Сондай-ақ, шара аясында би ұжымдарының жетекшілеріне арналған «Бидің негізі және қолданылуы» тақырыбында шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қызылорда облыстық филармониясының бас балетмейстері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, педагогика және дәстүрлі өнер институтының академиялық доценті Гүлбану Мырзабаева «Қазақ биінің стилизациясы. Авторлық қойылымдардан практикалық көрсетілімі» бойынша білімімен бөліссе, ал Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы Алмат Шамшиев «Қазақ биінің орындалу әдісі мен теориясы» туралы дәріс оқыды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА