Бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
ВАК отырысында карантин кезеңінде қазақстандық және шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланды. Ведомствоаралық комиссия уақытша шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады:
- Қазақстан Республикасы азаматтарының еліміздің халықаралық әуежайлары арқылы шет мемлекеттерге шығуына;
- визалық талаптар сақталған жағдайда шетелдіктерге визасыз режимі бар елдерден, сондай-ақ тікелей әуе қатынасы бар елдерден (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) Қазақстан Республикасының аумағына/аумағы арқылы кіруге / транзиттік өтуге.
- Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары үшін автоөтпе жолдары арқылы шет мемлекеттерге шығу үшін шектеу мерзімі екі есе азайтылды, енді қазақстандықтар 15 тәулікте 1 рет шыға алады. Елге кіру кезіндегі жалғыз талап – шетелден келгендердің барлығы вакцинациядан өтуіне қарамастан 72 сағат ішінде жарамды COVID-19 теріс ПТР тесті туралы анықтаманы ұсынуы керек. Еріп жүретін адамдарда теріс тест туралы құжат болған кезде 5 жасқа дейінгі балалардан анықтама талап етілмейді.
Айта кетейік, бұл шаралар экономикалық қызметті жандандыруға, отандық туристік бизнесті дамытуға және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған.