Ауыз су мен газ мәселесі өзекті

(0 Votes)

Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында алты мәселе қаралатынын күн тәртібімен таныстырған кеңес төрағасы Талғат Жаудин мәлімдеді. Бірінші болып аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нурия Баймұханова ауданық бюджеттің атқарылуы туралы есебін берді.

Онда 2023 жылға жоспарланған табыс бөлігінің орындалысы, салық және салықтан тыс түсімдер, облыстық бюджеттен түсетін трансферттер, нысаналы трансферттер, субвенциялар жоспары, жыл басындағы жылдық қаражаттың қозғалысы, бюджеттің шығыс бөлігі, нақтыланған және түзетілген бюджеттің орындалысы, бюджеттік инвестициялық жобалар жүзеге асырудың даму бағдарламасы сияқты мәліметтер назарға берілді.

Аудан бойынша газбен қамтудың жай-күйі мен тұтынылған газ отынына төлем туралы есеп бойынша кеңес отырысына шақырылғандардан тек «ҚазТранс ГазАймақ» АҚ аудандық газ шаруашылығы мекемесінің өкілі Нұрлыбай Мұханбетовтың қатысуына байланысты көгілдір отынға төлем туралы сауалдар тағы да ашық күйінде қалды. Мінберге көтерілген маман газ шаруашылығы мекемесі құзырына жерүсті және жерасты газ құбырлары мен газ тарату қондырғыларын уақытылы тексеріп тұру ғана кіретінін айтып, төлемге жауап бермейтіндіктерін мәлімдеді.

Келесі кезектерде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов аудан бойынша кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту іс-шараларының орындалысы, «Құрманғазы  Су Арнасы» ЖШС басшысы Ерлан Аманжанұлы аудандағы таза сумен қамту жұмыстары туралы хабарламалары тыңдалды. Кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға баяндамашылармен қоса кеңес отырысына қатысып отырған аудан әкімі Абат Жанғалиев жауаптарын берді.

Сондай-ақ, отырыста аудандық ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Алмас Мұқашев бөлімнің үстіміздегі жылдың бес айы ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдаудың анықтамасымен таныстырды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Сейтжанова аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 17 қазандағы №67-VІІІ «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізуді ұсыныс етті. Кеңес отырысы күн тәртібіндегі барлық мәселелерді қарап, қаперге алу, ұсыным беру  туралы шешім алды.

 

Айбек ӘНУАРҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT