Атыраулық оқушылар кітап оқып жарысты

(0 Votes)

Берқайыр Аманшинның туғанына 100 жыл толуына орай «Білгенге маржан» жобасы аясында облыс оқушылары арасында кітап оқу сайысы өтті.

Шараға Исатай, Құрманғазы, Мақат, Индер аудандары мен Атырау қаласынан барлығы 1090 оқушы қатысты.

Ауданымыздан кітап оқу сайысына 170 оқушы қатысып, бақтарын сынады.

Сайыс мақсаты – оқушыларды кітап оқуға баулу. Білгеніміздей, осыдан бір ай бұрын оқушыларға Берқайыр Аманшинның «Махамбеттің тағдыры» романын оқуға тапсырма берілген екен.

-Өткен жылы Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл, биыл шығарма авторына 100 жыл толып отыр. Атаулы даталар әлі де аталып өтілуде. Сол себепті оқушылардың оқуына тарихи роман ұсындық. Олар ай бойы сол кітапты оқыды. Сөйтіп бүгін тестілеуге келді. Жеңімпаздар бір аптадан соң белгілі болады. Ұпай саны жоғары деген 5 жеңімпаз анықталады.

Оларға I орынға – 150 мың, ІІ орынға – 100 мың, ІІІ орынға ие болған 3 жеңімпазға 50 мыңнан ақшалай сыйлық беріледі, – дейді шараны ұйымдастырып отырған «Мирасқор» қоғамдық қорының жетекшісі Амандық Есқали.

Айта кетелік, тарихи туындыда Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалардың Жәңгір ханның озбырлығына қарсы соғысы туралы баяндалады. Романмен танысқан кітапқұмар жастар 55 сұрақтың жауабын жаңылмай тапқанда ғана жүлдеге ие болады. Тест сұрақтары оқыған кітап негізінде құрылған.

Айдарбек АҚАРЫС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521