Енді тұрғындарға тұрғылықты жерлерінен қажет болған жағдайда ғана шығуға рұқсат етіледі, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
2020 жылдың 15 сәуірінен 1 мамырына дейінгі жаңа шектеу шаралары көрсетілген облыстың Бас санитарлық дәрігерінің №31 қаулысы күшіне енді. Азаматтарға жұмыс орнына бару, тамақ, дәрі-дәрмек т.б. негізгі қажеттіліктерді сатып алу, төтенше жағдайда медициналық көмекке жүгіну сияқты ерекше жағдайларда таңғы сағат 06:00 мен кешкі сағат 20.00-ге дейін шығуға рұқсат етілген. Атырау тұрғындарына тұрғылықты жерлерінен тыс жерде медициналық маска тағып, қолдарына бір реттік қолғап киюге кеңес беріледі.
Аса қажеттілік туындамаса 65 жастан асқан адамдар үйден шықпауы шарт.
Сонымен қатар, 21:00-ден 06:00-ге дейін Атырау қаласында азаматтар мен көлік құралдарының қозғалысына толық тыйым салынады.Тек, рұқсат етіледі:
- облыстық және қалалық әкімдіктердің қызметкерлеріне;
- құқық қорғау қызметіне;
- жедел жәрдем және жедел медициналық көмек;
- өрт сөндіру, құтқару қызметтеріне;
- жедел техникалық қызметтеріне;
- стратегиялық нысандар мен тіршілік әрекеттерін қамтамасыз ету объектілерінің өндірістік процесін бөтен адамдарсыз және отбасы мүшелерінсіз қамтамасыз ететін жұмысшыларға (жұмыс орнынан ресми анықтамалар мен анықтамаларды ұсынған кезде).
Қоғамдық орындардағы саябақтардың, алаңдардың, балалар ойын алаңдарының және басқа да демалыс орындарының жұмысы тоқтатылады.
Сондай-ақ, бұқаралық іс-шараларды - мерекелік шараларды, спорттық, мәдени іс-шараларды, конференцияларды, семинарларды, көрмелерді, оның ішінде үйде отбасылық шараларды өткізуге толық тыйым салынды.