Атыраулық кәсіпкерлер жергілікті билікті отандық өнімді қолдауға шақырды

(0 Votes)

Бүгін, 27 қаңтар күні Атырау облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы алаңында кездесу өтті, деп хабардайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кездесуге облыс, қала әкімдігінің өкілдері, кәсіпкерлер мен монополистер қатысты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында «Ашық әкімдік» мәселесін айтқан еді. Осы бастама аясында біз  кәсіпкерлер, әкімдік өкілдерімен ашық диалогта кездесу ұйымдастырдық. Бұл кездесуден соң   ортақ шешімдер болады деген ойдамын, - деді Атырау облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағының басшысы Айбар Жаниязов.

Кездесуде кәсіпкерлік нысандарға жер бөлудегі проблемалар, жергілікті билік өкілдерінің бизнеспен  ашық диалогта болмауы және газга қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

«Могикан» шағын зауыты басшысы Айсұлу Оразбаева жергілікті әкімдіктерді отандық кәсіпті қолдауға шақырды.

- Өндірісті дамыту арқылы, еліміздің көркеюіне  үлес қоса аламыз. Себебі, жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлер саны көбейеді. Алайда, өндіріс ашқан кәсіпкерлер арасында тауар сату проблема болып отыр.

Мәселен, мен 2020 жылы субсидия алып, жуғыш заттарды шығаратын шағын зауыт аштым. Бүл өндірісті Атырау облысы бойынша брінші болып аштық. Алайда, біздің тауарымыз тек базарға ғана өтеді. Өнімдерімізді жергілікті мекемелер, ауруханалар бастап қолданса,  өндірістің көркеюіне жол ашылар еді, - деді Айсұлу Оразбаева.

Сонымен қатар, кездесуде инфақұрылым мәселесі көтерілді. Кәсіпте 12 жыл тәжірибесі бар Майра Мұханбетова құрылысы аяқталған спортзалға жылу жүйесін тарта алмай жүр.

- 2018 жылдан бері жастар спорт командасының демеушісімін. Атырау қаласында футзалдың аздығынан жастарға арналған спортзал ашамын деп шештім.  2020 жылы субсидия алып, бүгінде кешеннің құрылысын аяқтадым. 2021 жылдың наурыз айында АҚ «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне барып, жылу беруге өтініш жаздым. Арада 1 жыл өтсе де мекеме бізге газ жүргізуге рұқсатын бермеді. Жанымызда салынған үйлерде газ бола тұра бізге жетпей қалуы үлкен мәселе болып отыр, - деді Майра Мұханбетова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521