Атыраулық аналар ит ату мәселесін көтерді

(0 Votes)

Бүгін Ретросаябаққа жиналған жүзге жуық аналар рұқсат етілген шеруге шықты. Онда олар ит атуға рұқсат беретін заң тармағын қайта енгізу жөнінде талап қойды.

Шеруді ұйымдастырушылардың бірі «Аналарға көмек қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сандуғаш Кукенова қандайма заң шығармас бұрын жергілікті халықпен ақылдасып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керектігін айтады.

«Биылдан бастап құрылған біздің ұйым атыраулық аналардың құқығын қорғап, әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал етумен айналысады. Бұл жолы да біз бүгінде өзекті мәселеге айналып отырған ит атуға заңдық тұрғыда рұқсат беруді талап ету үшін жиналдық. Өйткені, соңғы уақытта өздеріңізге де белгілі, тұрғындарды, әсіресе, оқушыларды ит қабу деректері күрт көбейіп кетті. Балаларымыз қазір мектепке өздері баруға қорқады. Оларды ата-аналары жетектеп жүр.

Ал, қаланың қақ ортасында сайран салып жүрген иттерге қарсы шара қолдануға құқық қорғау қызметкерлері шарасыз. Себебі, олар заңға қайшы келе алмайды. Ал, зардап шегетін – қарапайым халық. Сондықтан осы мәселе шұғыл шешілмесе, жүз адамдық шеру ертең мың адамға, тіпті, республикалық деңгейге ұласып кетуі ғажап емес. Өйткені, ата-аналар балаларын итке талатып қойып жүре береді дей алмаймын. Құзырлы органдар шыдамның да шегі бар екенін ескеріп, заңды қайта қараса деген талабымыз бар» дейді аталған бірлестік басшысы.

Айта кетейік, заңда төртаяқтыларды улы дротикпен атуға тыйым салынады. Оларды тек стрелизациядан өткізуге ғана болады.

«Итті стрелизациядан өткізген жағдайда, оның қаражатын сол ит иелері өз қалтасынан шығарсын, – дейді қоғамдық бірлестік мүшесі Гүлбаршын Таңатқанова. – Итті стерилациялауға кететін шығын ел қазынан өтелуіне түбегейлі қарсымыз. Бұрын итті атуға рұқсат бар кезде, иелері иттерін көшеге шығармаушы еді. Ал, заң өзгергеннен бері иттер көшеде тентіреп жүр. Асыранды иттер қаңғыбас иттермен бірге жүр. Олар топтасып алып, балалар мен қарияларға шабуылдайды. Бала түгілі, ересектердің өзі иттерден қорқып қоқыстың маңына да жолай алмайды. Қалай болғанда да, ит адамнан артық емес қой!

Екіншіден, иттердің көбейгені соншалық, мемлекеттің миллиондаған қаржысына егілген жасыл желектің бәрін таптап, пайдасыз етіп тастады. Оларға жаны ашып, күнделікті тамақ беріп жүрген тұрғындардың да кінәсі бар. Үшіншіден, олар балаларға да зиян келтіруде. Ойын алаңына барсаңыз, онда иттер емін-еркін жүр. Нәжістері де әр жерде жайрап жатыр. Оның бәрін жинап алу мүмкін емес. Кішкентай балалар соны ауыздарына салады. Тіпті, иттерді бастарынан сипап, құшақтап жатады. Жақында бір отбасының бес бірдей баласы қотыр ауруына шалдықты. Бұған да қасынып жүрген көше иттері кінәлі болып шықты».

Сондай-ақ, шеруге шығушылар елімізді Еуропамен салыстырмауға шақырды. Себебі, ол жақта иттердің қарны тоқ, ешкімді қауып жатқан жоқ. Ол жерде ит ұстау мәдениеті де бөлек, заңдары да өзгеше.

Былтыр желтоқсанда итке таланып аман қалған 13 жасар қыздың анасы Гүлдана Қабасова да шеру барысында өз ойын білдірді.

«Қазір қызым ит атаулыдан қорқып қалды. Үстіндегі жараларының орны да мәңгілік қара дақ болып қалды. Мектепке өзі бара алмайды. Онымен ешқандай психолог та жұмыс жасамады. Иттер бұрынғыша толып жүр. Жабулы қазан сол күйінде қалды. Ит деген жануар ғой, оны жауапкершілікке тарта алмайсыз. Сондықтар иелеріне шара қолдану қажет. Оларды босатуға жол бермеу керек. Ал, дұрысында әр иттің паспорты болуға тиіс» деді ашынған ана.

Осылайша, бірнеше ана ортаға шығып, өз пікірлерін айтып шықты. Егер тиісті заңдарға өзгерістер енгізілмесе, бұл мәселе республика деңгейінде көтерілетінін қаперге берді.

Жалпы, өңірде осындай бейбіт шеру соңғы екі аптада екінші рет өтіп отыр. Мұның алдында 16 сәуірде Құлсары қаласында экологиялық шеру өткен болатын. Бұл шара да артық айқай-шу, дау-дамайсыз ерікті түрде өткенін атап өткен жөн. Азаматтар өз ойларын ашық, нақты, сауатты әрі мәдениетті түрде жеткізуде. Демек, билік пен халық арасында сенім көпірі пайда болып келе жатыр деуге толық негіз бар.

Айта кетейік, бүгінгі бейбіт шеру жергілікті әкімдіктің рұқсатымен өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар шеру өткізбес бұрын әкімдікке ұсыныспен шыққан болатын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

Фотогалерея

Референдум

referendum-banner-1

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

logotype

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

“Серпер” ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi Ақпарат
комитетінде 2018 жылы 16 мамырда тiркелiп, № 17103-Г куәлiгi берiлген.
Мекенжайымыз: Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы,
С.Көшекбаев көшесі, 25 үй.
Индекс 060400.
Байланыс телефоны: +77123321570, +77123321478.


Яндекс.Метрика