АТЫРАУДЫҢ «АРДАҚТЫ АРДАГЕРЛЕРІ» АНЫҚТАЛДЫ

(0 Votes)

«Облыстық ардагерлер кеңесінің ІІ Пленумы өтіп, оған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен ҚР «Ардагерлер ұйымы» Орталық Кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты», - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пленумда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов «Республикалық ардагерлер ұйымының VIII съезінің шешімдерінен туындайтын облыс ардагерлер ұйымдарының міндеттері туралы» баяндама жасады.

«Облысымызда 12 салалық ардагерлер ұйымдары құрылып, жұмыс істеуде, олардың кейбір буындары аудандарда да құрылған. Бұл ұйымдар әр сала зейнеткерлеріне соңғы талаптар мен жаңалықтарды хабардар етіп отыруда, олардың мүдделерін қорғауда, бұрынғы сала мекемелерімен байланыстарын сақтау ісіндегі өз тиімділігін көрсетіп келеді. Әсіресе,  білім, денсаулық сақтау, темір жол, ауыл шаруашылығы саласындағы ардагерлер ұйымдарының белсенді қызметін атап кетуге болады»,-деді ол.

Сонымен қатар, Мұрат Өтешов кеңес мүшелерінің бұдан өзге де келелі істерге аласып, ел дамуына, қоғамның кемелденуі мен  ұрпақ тәрбиесіне айрықша үлес қосып жатқанына тоқталды.Оның сөзінше, облыстағы 71 ардагер бүгінгі таңда медиатор қызметін атқарып, ел ішіндегі отбасылық, тұрмыстық дау-жанжалды шешуге белсене араласуда.

Жиында сөз алған ҚР «Ардагерлер ұйымы» Орталық Кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ардагерлер ұйымының 35 жыл ішінде жасаған еңбектеріне айрықша тоқталып өтті.

«Осы жылдар ішінде аға буын қоғамның түрлі саласында еліміздің дамуына, жастар тәрбиесіне үздіксіз үлестерін қосып келеді. Мақсаттарымызды жүзеге асыруда белсенділік танытқан ардагерлеріміз әрқашан назарымызда. Оларды құрметтеп келеміз.  Алдағы уақытта да Сіздердің сара жолдарыңызбен жүре отырып, кейінгі толқын үлкен жетістіктерге жетеді деп сенім білдіремін»,-деді ол.

Өз кезегінде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық ардагерлер кеңесінің қоғамдағы рөлі мен атқарып жүрген ауқымды істерін жоғары бағалады.   

«Облысымыздың әр түкпірінде аға буын өкілдері жастарға отансүйгіштік, адамгершілік, ізгілік тәрбие беруде белсенді, әрі жүйелі жұмыстар атқаруда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеулеріне қолдау білдіріп, халық бірлігін, қоғам тұтастығын түсіндіру, насихаттау жұмыстарына белсене атсалысып келеді. Осы сәтті пайдалана отырып барлық деңгейдегі кеңес мүшелеріне және сіздер арқылы ардақты ардагерлерімізге ел тұрақтылығы мен жас ұрпақты Отансүйгіштік рухта тәрбиелеудегі қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдірмін»,- деді өңір басшысы.

Өз кезегінде, қалалық және бірқатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Жиын соңында өңірдің бір топ құрметті азаматтары: Бақтықожа Ізмұхамбетов, Төкен Жұмағұлов, Қатимолла Ризуанов, Қайрат Ищанов пен Есенаман Дабысовқа «Ардақты ардагер» атағы берілді.

Айта кету керек, облыста барлығы 62 мыңнан аса ардагер болса, оның 2 мыңдайы тыл ардагері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521